Жаңалықтар

«Жеке сұрақ»: министр туыстарының бизнесі жайлы сұрақтан жалтарды

Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров журналистің субсидия жайлы сауалына жауап беруден бас тартты.

Журналист министрден «Туған-туыстарыңыз мемлекеттен субсидия алып жатыр ма?» деп сұрады. Алайда Сапаров бұл сұрақты «жеке мәселе» деп бағалап, бұған дейін де бірнеше рет жауап бергенін айтты.

«Менің ол жерге ешқандай қатысым жоқ. Құрылтайшы емеспін. Олар өз жұмыстарын істеп жатыр. Ол жерде пайшылар бар. Бұл мәселені көтергендерін естідіңіз бе? Мен ол жерге қатыспаймын да, білмеймін де, араласқым да келмейді», – деді министр.

Айта кетейік, биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беру үшін 700 млрд теңге бөлінеді. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Еске салсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын Shishkin_like телеграм-арнасы министрдің ағасы Алтынбек Сапаров 2019-2020 жылдары бюджеттен жалпы сомасы 713,5 миллион теңге алғанын жазған еді.