Lifestyle

«Пейіш» VS «Абай бол»: қазақстандықтар ораза айында қай фильмге барып жатыр

коллаж: kursiv.media

Freedom Ticketon 19-22 ақпан аралығында ең көп касса жинаған фильмдердің қорытындысын жариялады. Бұл аптада қазақ көрермендерінің жүрегін жаулап, бокс-офистің көшін бастап тұрған – қырғыздың драмасы «Пейіш 2: Анама хат» фильмі.

Пейіш 2: Анама хат – 335 млн

Фильм өткен аптада да 500 млн астам қаржы жинап көш бастаған еді. Осы аптада да 335 164 115 теңге жинап, бірінші орынды иеленді. Бұл – қасиетті Рамазан айында ана махаббаты, рухани құндылықтар мен адамгершілік туралы әңгімеге деген сұраныстың айқын көрінісі. Режиссері Руслан Акун түсірген бұл қырғыз фильмі Эмиль Эсеналиев, Павел Майков сияқты актерлердің ойынымен жүрекке жетеді. Көрермендердің пікірінше, фильм әрбір отбасындағы ана мен бала байланысын терең сезіндіреді.

Абай бол – 215 млн

Екінші орында – қазақстандық «Абай бол» фильмі. Өнер Қырандары театры ұсынған жаңа туынды 215 834 645 теңге жинап, көрермендердің сүйіспеншілігін жеңіп алды. Өткен жылы «Молда» комедиясымен 1,5 млрд теңгеден астам касса жинаған Өнер Қырандары бұл жолы да киноиндустрияны таңғалдырмақ.

Ғашықпын саған – 188 млн

Үшінші орында – 3 аптадан бері прокатта жүрген қазақ мелодрамасы «Ғашықпын саған». 188 869 421 теңге жинаған фильм әлі де көрермен назарында. Думан Еркімбек түсірген бұл туынды студент қыздың махаббат пен арман арасындағы таңдауы туралы әңгімелейді. 5 ақпанда шыққан фильм ұзақ уақыт көш бастап, қазір де үздік үштікте тұр.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Ауру» фильмі стиминг платформаларында шығатыны туралы жазған едік.