Қарақат Әбілдина әкесін еске алып, жүрек тебірентер жазба қалдырды

Жарияланды 24 Ақпан 2026 12:02

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
«Әкеміздің қалдырған өшпес ізі, ісімен көрсеткен тәрбиесі біздің жадымызда мәңгі сақталады» деп жазды Қарақат Әбілдина / фото: Instagram
«Әкеміздің қалдырған өшпес ізі, ісімен көрсеткен тәрбиесі біздің жадымызда мәңгі сақталады» деп жазды Қарақат Әбілдина / фото: Instagram

Қарақат Әбілдина жиырма жыл бұрын қайтыс болған әкесінің рухына арнап ас берді. Көзі тірі болса, кеше тоқсанға толғандай екен.

Әнші жұбайы Қыдырәлі Болманмен бірге қасиетті Рамазан айында әкесіне құран бағыштап, Астанада ағайын-туыстың басын қосып, батасын алу үшін ауызашар беріп, дастарқан жаюды ұйғарыпты.

 «Бүгін әкеміз қайтқан күн. Сағынышпен еске алып, рухына құран бағыштап, ауызашар берудеміз. Алла Тағала алдынан жарылқап, жәннаттан орын берсін» – деп жазды Қарақат.

Бір укол салдырмаған еді

Мұның алдында ақпан айының 15-күні туған жерінде ас берген.

Қарақат Әбілдинаның әкесі Түлкібай Аманжолұлы 1936 жылы өмірге келген.

«Жетпіс жыл біреуге көп, біреуге аз шығар. Ауру адамды таңдамайды. Бір күн ауырмаған, бір күн ауруханаға жатпаған, бір укол салдырмаған қайран ағам жұқпалы дерттен о дүниелік болды»,  – деп еске алды Түлкібай ақсақалдың інісі.

Жүрек тебірентер жазба

Қарақат Әбілдина әкесіне еске алып, жүрек тебірентер жазба қалдырды.

«Әке… Осы бір ауыз сөздің өзінде тұтас бір ғұмыр сыйып кетеді. «Әке – асқар тау» дейді халық. Жанында жүргенде биігін сезе қоймайсың. Асқар таудың биіктігі алыстаған сайын асқақтай түседі екен. Қазір ортамызда болмаса да, әкеміздің қалдырған өшпес ізі, ісімен көрсеткен тәрбиесі біздің жадымызда мәңгі сақталады», – деп жазды Қарақат Әбілдина.

Әнші мінезінде, шешім қабылдарда, өнерге деген адалдықта, еңбекке деген табандылықта әкесі берген тәрбиені сезетінін айтты. Осындай әкенің ұрпағы болғанын мақтаныш тұтады.

«Перзенттің әр қадамы әке мен шешенің үмітін ақтау ғой. Аллаға шүкір, көзі тірісінде үмітін ақтап, батасын алып үлгердік. Берген батаңыздың нұры әлі де жолымызды жарық қыла берсін», – деді Қарақат.

Мұның алдында Қарақат Әбілдина FlyArystan мен Қызылорда әуежайының қызметін сынаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз