
Қазақстан ядролық физика институты мен Мәскеу инженерлік-физикалық институты Ұлттық зерттеу ядролық универистетінің Алматыдағы филиалы әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Ресейлік оқу орны елде салынатын АЭС мамандарын дайындайды. Бұл туралы көрші елдің баспасөзі жазды.
Екі институт арасында қабылданған құжат ядролық энергетика саласында жұмыс істейтін мамандарды дайындау үшін оқу бағдарламасын дамытуды көздейді.
Келісім республиканың атом саласы үшін басты білім алаңына айналатын филиал қалыптастыруға бағытталған, деп түсіндірді ТАСС.
Ол үшін Алматыдағы филиал оқу бағдарламасын кеңейтуді, ғылыми-зерттеу мазмұнын байытуды, студенттер мен мұғалімдерді бірлескен жобаларға тартуды, бұған қоса зертханалар мен мекеме инфрақұрылымын дамытуды көздеп отыр.
Ресейлік университеттің Алматыдағы филиалы 2022 жылы ашылған. Мұнда студенттер «Ядролық физика және технология», «Информатика және есеп техникасы» бағыттары бойынша оқиды.
Қазақстан алдағы жылдары ел аумағында үш атом электр станциясын (АЭС) салуды жоспарлап отыр. Солардың бірін – «Балқаш» АЭС-ін «Росатом» корпорациясы тұрғызады.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы мен Астанада «Сириус» орыс мектебін ашу мәселесі 2026 жылдың басында Кремльде талқыланған.