Жаңалықтар

Түркістанда оқушыны жүкті еткен зейнеткер сотталды

Фото: shutterstock

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 15 жастағы оқушы қызды зорлап, жүкті етті деп айыпталған 70 жастағы зейнеткерді түрмеге жапты.

Ол Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы және «Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу» бабымен кінәлі деп танылып, 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен бірге зейнеткер педагогикалық лауазымдарда және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдар атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Іс сотта жабық қаралды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды.

Сотталушы бұрын сотты болмаған, іс бойынша тағылған айыпты мойындамаған.

«Сот іс материалдарын зерттеп сотталушының іс-әрекеттерінде қылмыстық құрам бар деген тұжырымға келді. Сіз сотта айыпты мойындаған жоқсыз. Бұл әрекетке қатысым жоқ деген позицияны ұстандыңыз. Алайда сіздің уәждеріңіз сотта алынған жәбірленушінің жауаптарымен, іске тіркелген бірнеше сот сараптама қорытындыларымен жоққа шығарылды», – деді судья Дәурен Мадалиев.

Оқиға Түркістан облысы Келес ауданында болған. 15 жастағы оқушы 70 жастағы зейнеткерден жүкті болып босанған. Оқушының аяғы ауыр екенін жақындары жүктіліктің жеті айында білгенін айтқан. Оған дейін қыз көршісі әрі туысқан атасынан зорлық көргені туралы тіс жармаған. Тек босанған соң ғана зорлық жасаған адамның кім екені белгілі болған.

Дүйім жұртты дүр сілкіндірген жағдайды білген соң, ауыл тұрғындары күдікті отбасының ауылдан көшіп кетуін талап еткен.