
Каспийді зерттеуге және сақтауға бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қаржы «Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ға (ҒЗИ) берілді. Ал оның дұрыс пайдаланылуын Қаржы министрлігі қатаң бақылап отыратын болады.
«Қаржыландыру институттың ғылыми әлеуетін жақсартуға ықпал етеді. Қаражатқа теңізде мониторинг жүргізу үшін негізгі жабдықтарды сатып алу және гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыру жоспарлануда, бұл теңіздің қазақстандық секторында болып жатқан процестер туралы өзінің ғылыми-негізделген базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп түсіндіреді үкіметтен.
Қазір ҒЗИ халықаралық деңгейде жұмыс істей бастайды. Каспий өңіріндегі елдермен ғылыми байланыс орнатты, бірлесіп зерттеу жасап, тәжірибе алмасып жатыр.
Қазір теңіздің экологиялық ахуалы жыл өткен сайын нашарлап жатыр. Ғалымдар зерттеуінше, соңғы төрт жылда Каспий теңізінің деңгейі 24 см-ге төмендеген.