Жаңалықтар

Зеленский алғаш рет бункерде орналасқан резиденциясын көрсетті

Украина президенті Владимир Зеленский бункерде орналасқан резиденциясын көрсетті
Украина президенті соғыстың төрт жылдығы туралы мәлімдемесін бункерде жасады / фото: x.com/ZelenskyyUa

Украина президенті Владимир Зеленский алғаш рет резиденция орналасқан бункерді көрсетіп, оның қайда орналасқанын да бүкіл әлемге жария етті. Бункер Киевтегі Тәуелсіздік алаңының астында салынған.

Украин президентінің соғыстың төрт жылдығына арналған бейнеүндеуі әлеуметтік желілерде жарияланды. Зеленский алғаш рет президент кеңсесі орналасқан бункерді бүкіл әлемге көрсетті.

Украина президентінің кеңсесі
Украина президентінің кеңсесі / фото: https://x.com/ZelenskyyUa

«Бүгін Путиннің Киевке үш күндік шабуыл бастағанына тура төрт жыл толды. Осыдан-ақ Украинаның осы уақытқа дейін қалай қарсылық көрсеткенін түсіне беруге болады», – деп мәлімдеді Зеленский.

Ресей әскері 2022 жылғы 24 ақпанда Украина аумағына басып кірген. Сол кезде Ресей президенті Владимир Путин Киевті үш күнде алуға уәде берген.

Владимир Зеленский резиденциясы бункерде орналасқан
Зеленский отырған кеңсе Киев қаласының орталығындағы Банковая көшесінде орналасқан / фото: x.com/ZelenskyyUa

«Мына кеңсе Банковая көшесіндегі бункердің ішіндегі шағын бөлмеде орналасқан», – деп мәлімдеді украин президенті.

Украина президентінің кеңсесіндегі икона
Зеленский кеңсесіндегі икона / фото: x.com/ZelenskyyUa

«Біз өз тәуелсіздігімізді қорғап қалдық. Біз мемлекеттігімізді жоғалтпадық. Путин дегеніне жетпеді. Ол украин халқының сағын сындырмады. Ол соғыста жеңіске жете алмады. Біз Украинаны сақтап қалдық», – деді Зеленский бейнеүндеуінде.

Одан соң украин президенті шағын кеңсесінен шығып, бункердегі ұзын тоннельмен жүріп өтті. Содан кейін баспалдақпен жоғары көтеріліп, Киев орталығындағы Майдан Незалежности, яғни Тәуелсіздік алаңына шықты.

Владимир Зеленский резиденциясы бункерде орналасқан
Бункер Киевтегі Тәуелсіздік алаңының астында орналасқан / фото: x.com/ZelenskyyUa

Соғыс басталғалы бері Украина шамамен 10 млн азаматынан айрылған. Олардың арасында майданда қаза тапқандар, елден көшіп кеткендер немесе Ресей басып алған жерлерде тұрып жатқандар бар.

Бүгін, 24 ақпанда Киевке Еурокоммися басшысы Урсула фон дер Ляйен барды. Соғыс басталғалы бері украин астанасына он рет сапарлаған саясаткер Еуропа одағы Украинаға көмектесе беретінін тағы да мәлімдеді.