
GosRating.com платформасында Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтын тарату және атқарушылық өндіріс жүйесін толық реформалау туралы петиция жарияланды.
Нұрхат Мақсатұлы жариялаған петицияны 157 адам қолдап, 3 пайдаланушы қарсы пікір білдірген.
Петиция авторының пікірінше, сот шешімдерін орындаудың қазіргі, жеке практикаға негізделген жүйесі уақыт өте келе жүйелі теңгерімсіздікке және мүдделер қақтығысына әкелді.
Автордың айтуынша, жеке сот орындаушылары коммерциялық негізде жұмыс істейді және олардың сыйақысы өндіріп алынған сомаға тікелей байланысты.
Мәтінде келесі тәуекелдер аталған:
- сот актілерін орындаудың коммерциялануы;
- мемлекеттік бақылаудың ашықтығының жеткіліксіздігі;
- соттың толық тексеруінсіз мүлікке тыйым салу және шектеулер енгізу жағдайлары;
- борышкерлердің құқықтарының ықтимал бұзылуы.
Сондай-ақ коммерциялық модель бейтараптық қағидаттарына және әділ сот төрелігінің халықаралық стандарттарына қайшы келеді деген пікір айтылған.
Не өзгеруі керек
Петицияда нақты ұсыныстар келтірілген:
- жеке сот орындаушылары институтын толық тарату;
- атқарушылық функцияларды тек мемлекеттік сот орындаушыларына беру;
- мемлекеттік қадағалау мен тиімділікті бағалауды күшейту;
- борышкерлерден коммерциялық төлем алуды алып тастау;
- сот бақылауынсыз жалғыз тұрғын үйден, әлеуметтік төлемдерден және өмір сүруге қажетті негізгі қаражаттан айыруға әкелетін шараларға тыйым салу.
Айта кетейік, жеке сот орындаушылары институты Қазақстанда «Сот актілерін мәжбүрлеп орындату және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң негізінде жұмыс істейді. Заңға сәйкес, жеке сот орындаушылары тәуелсіз әрі бейтарап әрекет етуге міндетті.
Еске салайық, жуырда алимент төлемеген ер адам сот орындаушысына шабуылдап бетін тіліп жіберген. Шабуылдаған ер адамның өзі екі баласына 318 326 теңге қарыз. Бірақ оны төлеуден жалтарып қашып жүрген.