Жаңалықтар

12 наурыздан бастап енді жаяу жүргіншілер де камераға түседі

фото: egov.kz

Енді камералар жаяу жүргіншілерге де автоматты түрде айыппұл сала бастайды. 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі жаңа өзгерістер күшіне енеді.

«Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімімен интеграцияланған цифрлық объектімен деректерді өңдеу арқылы, оның ішінде автоматты режимде жұмыс істейтін техникалық құралдар пайдаланыла отырып анықталған немесе тіркелген кезде көрсетілген деректерді өңдеу нәтижелері бойынша анықталған осындай құқық бұзушылықтарды жасаған адамдар әкімшілік жауаптылыққа тартылады», – деп жазылған Әкімшілік кодекстің 31 бабындағы жаңа редакцияда.

Бұл дегеніміз жаяу жүргіншілер құқық бұзса және ол камерадан көрінсе, автоматты түрде айыппұл салынады. Мәселен, қоғамдық орында қоқыс не темекі тұқылын тастағаны, белгіленбеген жерде шылым шеккені, жолды белгіленбеген жерде кесіп өтсе және түнде ішімдік сатқаны камера не дронға түсіп қалса, автоматты түрде айыппұл келеді.

Ал бұрын мұндай автоматты айыппұлдар тек жол қозғалысын бұзғаны үшін көлік жүргізушілеріне ғана келетін. Енді бұл санатқа жаяу жүргіншілер де енбек.

Жаяу жүргіншілер қандай айыппұл төлеуі мүмкін?

Әкімішілік кодекске сай, рұқсат берілмеген жерде темекі шеккені үшін жеке тұлғаға 15 АЕК айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК.

Қоқыс тастағаны үшін (оның ішінде темекі тұқылы, қағаз, бөтелке) жеке тұлғаға 5 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК.

Жолды заңсыз жерден кесіп өтсе 2 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК айыппұл салынады.

Айта кетейік, осы жылы Алматыда қосымша 350 «Сергек» камерасы орнатылады. Қазірдің өзінде қалада жол ережелерін бақылайтын 9000-нан аса камера бар.