
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров елге оралды. Астана әуежайында спортшыға үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Бұл жолы пәтерді Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағы сыйлады.
Сондай-ақ Софья Самоделкина мен жаттықтырушыларға бір бөлмелі пәтерден берілді.

Михаил Шайдоров не деді
Спортшы әуежайға жиналған жанкүйерлеріне алғыс айтты.
«Түннің бір уағында осында келіп, мені күтіп алған жандарға алғысым шексіз. Көк байрағымыз Олимпиада ойындарының ең құрметті төріне көтерілген уақытта кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Сіздердің қолдауларыңыз әрі қарай да дамуға ынталандырады. Бәріңізге рақмет», – деді Шайдоров.

Ал Софья Самоделкина Михаил сияқты алтын медаль алу үшін әрі қарай да еңбектене беретінін жеткізді.
Головкин жаттықтырушыларға алғыс айтты
Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин ең алдымен спортшылардың жаттықтырушыларына алғыс айтты.

«Елге алтын медальмен оралудың не екенін жақсы түсінемін. Біздің батырларымыз осы спортшылар. Ең алдымен жаттықтырушыларға алғыс айтқым келеді. Дәл осы кісілер чемпиондарды тәрбиелеп шығарды, үнемі жанынан табылды. Министрлік, федерация, ұлттық олимпиада комитеті әрдайым қолдады. Біз бұған лайықпыз, Қазақстан бұл жеңіске лайық», – деді Геннадий Головкин.
Айта кетейік, Михаил Шайдоровты 25 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды. Мұны туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты.