БҚО-да жол жөндеуге бөлінген 56 млн теңге жымқырылған

Батыс Қазақстан облысында жол жөндеуге бөлінген бюджет қаржысын жымқыру ісі сотқа жолданды.
ҚМА мәліметінше, 2023 жылғы наурызда мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Сапак» өндірістік кооперативі арасында Жымпиты ауылындағы жолдарды жөндеуге 259 млн теңге сомасына шарт жасалған.
«Тергеу деректеріне сәйкес, «Сапак» ӨК директоры «Ак-Би» ЖШС басшысымен сөз байласып, бюджет қаржысын иемдену схемасын ұйымдастырған. Күдіктілер орындалған жұмыстар актілеріне жалған мәліметтер енгізіп отырған. Құжаттарда асфальт төсеу, жер қазу, бетондау, су құбырларын тарту және басқа да жұмыстар толық көлемде көрсетілгенімен, іс жүзінде олар орындалмаған немесе әлдеқайда аз көлемде атқарылған», – делінген хабарламада.
Осы жалған актілер негізінде бюджет қаражаты мердігердің есепшотына аударылып, кейін қатысушылар арасында бөлінген. Мемлекетке келтірілген материалдық залал 56,5 млн теңгені құраған.
Мүлікке тыйым
Сот санкциясымен күдіктілердің бірінің пәтеріне тыйым салынды. Оларға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.