Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо шаршы алаңға қайта шығады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: ЖИ арқылы жасалды

Аңызға айналған боксшылар Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо арасындағы екінші жекпе-жек биыл 19 қыркүйекте өтеді. Бұл туралы The Ring басылымы хабарлады.

Кездесу АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы Sphere аренасында ұйымдастырылады. 2023 жылы ашылған бірегей кешен 20 мыңға дейін жанкүйерді қабылдай алады және бұған дейін ірі спорттық шараларды өткізген.

Қос боксшы 11 жылдан кейін қайта жұдырықтаспақ. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың мамырында Лас-Вегастағы MGM Grand Garden Arena аренасында өткен жекпе-жекте Мейвезер төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен еді. Ол кездесу бокс тарихындағы ең табысты айқас саналады: жалпы табыс 600 млн доллардан асқан еді.

Боксшылардың дайындығы

Қазіргі таңда Флойд Мейвезердің кәсіби рекорды – 50 жеңіс (27 нокаут), жеңіліссіз. Ол соңғы рет ресми жекпе-жегін 2017 жылы өткізіп, Конор Макгрегорды техникалық нокаутпен жеңген болатын. Ал 47 жастағы Мэнни Пакьяоның көрсеткіші — 62 жеңіс (39 нокаут), 8 жеңіліс, 3 тең нәтиже. Ол шілде айында Марио Барриоспен жекпе-жек өткізіп, айқас тең аяқталған.

Мейвезер алдағы кездесу туралы:

«Мен Мэнниді бір рет жеңдім, бұл жолы да нәтиже солай болады», – деп мәлімдеді.

Ал Пакьяо жанкүйерлер көптен күткен реванштың уақыты келгенін айтып, бұл жолы жеңісті көздейтінін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз