Министр «бір медальға 13 млрд теңге жұмсалды» деген ақпаратты түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Министр туризма и спорта Ербол Мырзабосынов
Министр 13 млрд теңге туралы әңгімеге нүкте қойды/фото:Серикжан Ковланбаев

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қысқы Олимпиада ойындары дайындығына 13 млрд теңге жұмсалды деген ақпаратты түсіндірді.

«13 млрд теңге тек спортшыларды Олимпиада ойындарына дайындауға жұмсалған жоқ. Бұл – 20 өңірде қысқы спорт түрлерімен балалар жүйелі түрде айналысуы үшін жұмсалған қаражат. Қазір мұны басқа форматта, «бір медаль 13 млрд теңге тұра ма?» деп айтып жатыр», – дейді Мырзабосынов.

Министр мұны қысқы спорттан болашаққа салынған инвестиция деп атады.

«Спортпен жүйелі түрде айналысатын балалар арасынан шыққан 1-2 пайыз спортшы Михаил Шайдоров секілді Олимпиада шыңына жетеді», – деді министр.

Сондай-ақ Мырзабосынов бөлінген қаражатты қысқы спорт түрлері дамыған елдердің бюджетімен салыстырып көруге кеңес берді.

Чемпионның жалақысы неге жарияланды

Бұған дейін министрлік Михаил Шайдоровтың жаттығуына қанша қаражат жұмсалғаны, спортшының жалақысы туралы ақпарат таратты.

Әуежайда министр мұның не себепті жарияланғанын түсіндірді.

«Барлық спортшы келісімшартқа сәйкес жалақы алады және сомасы ашық айтылады. Осы жағдайда Михаил Шайдоровтың жалақысына ерекше назар аударылған шығар. Бірақ бізде қоғамнан да, бұқаралық ақпарат құралдарынан да жасырын ештеңе жоқ», – деп мәлімдеді министр.

Айта кетейік, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 25 ақпанға қараған түні Астанаға ұшып келді. Спортшыны әуежайда жүздеген адам күтіп алды.

Сондай-ақ оқыңыз