Депутат дабыл қақты: халық кибершабуыл салдарынан жылу мен жарықсыз қалуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі елдің стратегиялық нысандарына жасалуы мүмкін кибершабуыл зардабы миллиардтаған доллар шығынға әкеп соғатынын айтып, дабыл қақты. Оның пайымдауынша, технологиялық желілердің осалдығы ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіріп тұр.
Қазақстанның отын-энергетика кешені, өнеркәсіп және көлік салаларында АСУ ТП (технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері) мен SCADA жүйелері кеңінен қолданылады. Бұл жүйелер – ЖЭО-лардың су сорғыту станциялары мен электр желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін басты «ми орталығы».
Депутат Әбутәліп Мүтәлінің айтуынша, осы цифрлық инфрақұрылымның қауіпсіздігі – халықты жылу, су және жарықпен қамтамасыз етудің кепілі. Алайда бұл бағыттағы қорғаныс шаралары әлі де болса көңіл көншітпей отыр.
Құрал-жабдық ескірген
Депутаттың мәлімдеуінше, Энергетика министрлігі осы уақытқа дейін технологиялық желілерді қорғаудың орталықтандырылған механизмін қалыптастыра алмаған.
Көптеген стратегиялық нысанда ескірген жабдықтар пайдаланылады, ал киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары көбіне қағаз жүзінде ғана орындалады.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, өнеркәсіптегі кибероқиғалардың 60%-дан астамы осы басқару жүйелерінің кемшіліктеріне байланысты болса, нысандардың 70%-ы кибершабуылдарға қарсы тұра алмайтын сегменттелмеген желілерді пайдаланып келеді.
2025 жылы Еуропа жарықсыз қалды
Технологиялық апаттың салдары қандай болатынына 2025 жылы Еуропа елдерінде орын алған ауқымды жарық сөну (блэкаут) оқиғасы нақты мысал бола алады.
Сол кезде Испания, Франция және Португалия сияқты мемлекеттер тәулігіне 100-200 миллион еуро көлемінде экономикалық шығынға ұшырады.
Қазақстанда да бұған дейін технологиялық процестердің тоқтап қалуына немесе энергия берудегі іркілістерге әкеп соққан жекелеген киберқауіптер тіркелген.
Мүтәлінің пікірінше, қыстың қаһарлы күндерінде жылусыз қалатын қала мен тоқтап қалған зауыттар жай ғана қолайсыздық емес, бұл — ел экономикасына ауыр соққы.
Миллиардтар мен экономиканың тұрақтылығы
Отын-энергетикалық кешен мен өнеркәсіп секторы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің (ЖІӨ) негізін құрайды. Бұл салалар — бюджетке түсетін қаржы мен экспорттық табыстың басты көзі. Сондықтан кез келген жүйелі сәтсіздік бүкіл ел экономикасын салдандырып, миллиардтаған доллар шығынға әкеледі.
«Біз миллиардтарды жоғалтамыз, бұл — мемлекеттің әл-ауқатына жасалған тікелей қауіп», — деп атап өтті депутат.
Қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, Әбутәліп Мүтәлі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға бірқатар нақты ұсыныстар жолдады. Оның ішінде:
Стратегиялық нысандарда орталықтандырылған мониторингті ұйымдастыру;
- IT және ОТ желілерін міндетті түрде сегменттеу;
- Аномалияларды анықтау жүйелерін енгізу және шұғыл әрекет ету жоспарларын дайындау;
- Салалық құзыреттілік орталығын (OT CERT) құру;
- Киберқауіпсіздік шараларын тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз ету бар.
Бұған дейін Астананың жылу орталықтарына Siemens-тің цифрлық жүйелері енгізілетіні хабарланған.