Қазақстандағы ірі алтын өндіруші компания неміс банкінен 100 млн доллар алады

Қазақстандағы ірі алтын өндіруші – Solidcore Resources plc (бұрынғы Polymetal) компаниясы Германияның KfW IPEX-Bank-імен алдын ала келісімге қол қойды. Келісім аясында компания «Ертіс гидрометаллургия комбинатының» (ЕГМК) құрылысына 7 жыл мерзімге 100 миллион доллар көлемінде несие алады.
Бұл қаражат зауыттың инфрақұрылымын салу, қажетті жабдықтар сатып алу және инженерлік жұмыстарды қаржыландыруға жұмсалады.
Қаржыландыру жоспары және жоба құны
Ертіс гидрометаллургия комбинатының құрылысы — Solidcore компаниясы үшін стратегиялық маңызы бар ауқымды жоба. Кәсіпорынның жалпы құны 978 миллион долларға бағаланып отыр.
Компания бұл соманы өзінің операциялық табысы мен сырттан алынатын қарыз қаражаты есебінен жабуды көздеуде.
Solidcore Resources қаржы директоры Евгения Онущенконың айтуынша, неміс банкімен жасалған бұл келісім — үлкен қаржыландыру бағдарламасының алғашқы кезеңі ғана.
омпания 2026 жылдың соңына дейін басқа да банктермен келіссөз жүргізіп, жобаға жалпы сомасы 600 миллион долларға жуық несие тартуды жоспарлап отыр.
Ертіс ГМК: Қазақстан алтын өндірісіндегі жаңа белес
Ертіс гидрометаллургия комбинаты — Қазақстандағы құрамы күрделі алтын рудаларын автоклавты тотықтыру әдісімен өңдейтін алғашқы толық циклді зауыт болмақ. Жобалық қуаттылығы бойынша кәсіпорын жылына 300 мың тонна концентратты өңдеп, 500 мың унцияға дейін Доре қорытпасын (құрамында 70-90% алтын бар жартылай дайын өнім) шығаруды көздейді.
Зауыттан шыққан Доре қорытпасы Астанадағы «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытына жіберіледі.
Онда металл 99,99% тазалыққа дейін өңделіп, еліміздің заңнамасына сәйкес, алтын-валюта резервтерін толықтыру үшін Ұлттық банкке сатылады.
Құрылыс кезеңінде 1 000-ға жуық адам жұмыспен қамтылса, зауыт іске қосылғаннан кейін 500 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Solidcore Resources — Қазақстандағы жетекші алтын өндіруші және АХҚО биржасында (AIX) тіркелген ірі компания. Бүгінде оның портфелінде еліміздегі екі жұмыс істеп тұрған кәсіпорын мен бірнеше даму жобалары бар.