Сыртқы сауда: СҚО рекорд орнатып, Ақтөбе аутсайдер атанды

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның экспорттық әлеуеті 3,2%-ға төмендеп, 79 млрд долларды құрады. Экономист Руслан Сұлтановтың жазуынша, сыртқы сауда айналымының баяулауына мұнай, уран және түсті металдар жеткізілімінің азаюы себеп болып, ел қазынасы 4,1 млрд доллар көлеміндегі валюталық түсімнен қағылды.
Экспорттың 3,2%-ға төмендеуі бірнеше фактормен түсіндіріледі. Бірінші кезекте – әлемдік нарықтағы мұнай мен негізгі металдар бағасының тұрақсыздығы. Қазақстан экспортының 50%-дан астамын шикі мұнай мен мұнай өнімдері құрайтынын ескерсек, бұл сектордағы кез келген ауытқу жалпы көрсеткішке тікелей әсер етеді.
Мұнай мен уран сату азайды
Былтыр экспорт көрсеткішінің төмендеуіне негізгі тауар позицияларының құлдырауы тікелей әсер еткен. Атап айтқанда, мұнай экспорты 7%-ға, уран – 8,1%-ға, ал ферроқорытпа экспорты 15,5%-ға азайды.
Сонымен қатар, мыс катодтары мен кендерінің де сыртқы нарыққа шығу көлемі қысқарған. Дегенмен, статистикалық мәліметтердегі алшақтықтар назар аудартады: кеден деректер экспортты 76 млн тонна деп көрсетсе, энергетика министрлігі 78,7 млн тоннаны алға тартады.
Аймақтық теңсіздік: төрт өңірдің үстемдігі
Сұлтановтың айтуынша, елдің экспорттық табысы бұрынғысынша санаулы аймақтарға шоғырланған. Бүгінде валюталық түсімнің 64%-ы тек төрт өңірге тиесілі:
- Атырау облысы – жалпы экспорттың 36%-ы;
- Астана қаласы – 12%-ы;
- БҚО және Алматы қаласы – әрқайсысы 8%-дан.
Бұл деректер Қазақстан экономикасының әлі белгілі бір облыстарға аса тәуелді екенін айғақтайды.
Ақтөбе облысы ферроқорытпа, мұнай және мыс кенінің азаюына байланысты экспорт 27%ға құлдырады. Маңғыстау (-21%) мен Қызылорда (-15%) облыстарындағы көрсеткіштер мұнай өндірісінің кемуіне байланысты төмендеген.
Ал Шымкент қаласындағы 25%-дық құлдырауға мұнай өнімдері мен ұн экспортының азаюынан бөлек, техникалық факторлар да әсер етті.
Мал азығы мен астық экспорты артты
Шикізат секторында экспорт азайғанымен, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берген өңірлер айтарлықтай өсім көрсетті.
Солтүстік Қазақстан облысы мал азығы (63 есе өсім), бидай (23%) және зығыр тұқымының (73%) есебінен экспортты 38%-ға арттырып, көш бастады.
Алматы облысында вольфрам кені мен темекі өнімдерінің арқасында 28%-дық өсім тіркелсе, Қостанай облысы бидай мен зығыр саудасын еселеп, көрсеткішін 13%-ға жақсартты.