
Президент XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады. Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтты.
«Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальға ие болып, көк Туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құтты болсын дегім келеді. Ақордада жиналып отырған адамдарға, ең алдымен, Михаилдың әкесі мен жеңімпаздың бапкеріне ризашылығымды айтамын. Баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қажырлы және табанды еңбектің арқасында Михаилды мықты спортшы, нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге паш еттіңіздер», – деді Тоқаев.
Халқымыз Михаилды мақтан тұтады, ал жас буын одан үлгі алады. Олимпиада жеңімпазы болу – биік мақсат жолында кез келген қиындықты жеңу, яғни, ұзақ әрі күрделі жолға дайын болу деген сөз.
Президент Михаил Шайдоровтың жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналатынына назар аударды.
«Біріншіден, бұл – көптен күткен, яғни 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Үшіншіден, күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды. Михаил Шайдоровтың Олимпиадада көрсеткен керемет өнері, сөзсіз, тарихи жетістік, нағыз триумф.
Кортина д’Ампеццо мұз айдынында отандасымыздың жұлдызы жарқырады. Бұл – Олимпиада чемпионының өзін-өзі шыңдап, өз күшіне сенгенінің, мәнерлеп сырғанау сияқты аса қиын спорт түріне деген ерекше махаббатының жемісі», – деді президент.
Сондай-ақ Тоқаев чемпионның бапкері, әйгілі спортшы, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Урмановқа ыстық ықыласын білдірген.

Кездесуде президент Михаил Шайдоровқа ІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыстады. Ал бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.