Жаңалықтар

Қарағандыда Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады

Зардап шеккендер жоқ/көрнекі фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қарағанды облысында жоспарлы оқу-жаттығу барысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.

Оқиға 25 ақпанда болды.

«Ұшақ экипажы дер кезінде катапульт жасады. Ұшқыштар дін аман, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазір медициналық мамандардың бақылауында», – делінген ақпаратта.

Ұшақ құлаған аумақ қоршауға алынды. Тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына еш қауіп жоқ.

Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылды. Комиссияны ұшу қауіпсіздігі жөніндегі департамент басқарады. Құрамына авиациялық қызметтің арнайы мамандары кірді.

Тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, 2021 жылдың 16 сәуірінде оқу-жаттығу барысында Балқаш қаласында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшыраған. Қорғаныс министрлігі ұшқыштардың зардап шекпегенін хабарлады.