
Шымкент қаласы Тұран ықшамауданындағы №51 Әлихан балабақшасының қызметкерлері мен ата-аналары қала әкімдігіне барды. Олардың айтуынша, мемлекеттік балабақша жабылу алдында тұр. Бұған балабақша қызметкерлері мен ата-аналар қарсы.
Жалақы төленбеген
Жиналғандар қала әкімдігінен жағдайды түсіндіріп беруді сұрады. Балабақша қызметкерлерінің сөзінше, мекемені жабу туралы алдын ала ескертілмеген. Тек балабақша меңгерушісі ауызша хабарлаған. Бұған қоса ,қызметкерлер жалақысын толық алмаған. Әлеуметтік төлемдері төленбеген. Тіпті соңғы үш айда күзетшілер жалақы алмапты.
«Шешім шыққан жоқ, бұйрық көрген жоқпыз. Балаларды жекеменшік балабақшаға өткізіп жатыр. Бізге сол жекеменшік балабақшада жұмыс істейсіңдер деді. Қазан, қараша айының жалақысын толық алған жоқпыз. Еңбек инспекциясына, прокуратураға шағымдандық. Қаңтар айының басында жалақыны толық береміз деп уәде еткен. Бірақ әлі жалақымызды алмадық», – дейді балабақша аспазшысы Меруерт Бегімова.
Жалпы балабақша 65 адамға шақталған. Дегенмен мұндағы бала саны елуге жетпейді. Ал бала қабылдау тоқтатылған. Сәйкесінше, балабақша қызметкерлерінің жалақысына, баланың тамағы сияқты мекеменің шығысына мемлекеттен бөлінген қаржы жетпейді. Сондықтан ондағы балалар мен қызметкерлерді көрші орналасқан жекеменшік балабақшаға ауыстыру жоспарланған.
«Ауданымызда жалғыз мемлекеттік балабақша бар. Оны да жабайын деп жатыр дейді. Ешқандай себепсіз. Жөндейміз десе жазды күтсін дейміз. 2 күнде балаларыңды алып кетіңдер дейді. Мысалы, менің күйеуім қайтыс болған. Осал отбасына жатамыз. Екі балам балабақшаға барады. Жекеменшік мектепте жеңілдік жоқ. Сонда мен қалай күнкөремін?», – дейді ата-ана Жанар Қарабаева.

Балабақша тәрбиешісі Айман Тоқсанбекова жекеменшік балабақшаның жалақысы мемлекеттікінен аз дейді. Оған қоса жұмыс кестесі сай емес.
«Жалақы үнемі кешігіп түседі. Әлеуметтік төлемдер әлі төленбей жатыр. Айтсақ қаржы жоқ, қаржы жетіспейді деді», – дейді ол.
Білім басқармасының жауабы
Жиналғандардың алдына шыққан қалалық білім басқармасының өкілі балабақша жабылатынын растады. Себебі балабақша ғимараты қауіпсіздік талабына сай емес. Ал ондағы балалар мен қызметкерлер далада қалмайды. Балалар жекеменшік балабақшаларға ауыстырылады. Қызметкерлерге жұмыс ұсынылады.
«№51 Әлихан бөбекжай балабақшасының жағдайы өте нашар. Жанында жекеменшік балабақша бар. Соған балаларды ауыстыруға ұсыныс беріп жатырмыз. Балабақша арнайы балабақша ретінде салынған емес. Алдағы уақытта инвестордың демеушілігімен жаңа балабақша салуды жоспарлап отырмыз», – деді басқарма басшысы Қуаныш Ысқақов.
Басқарма басшысы қызметкерлердің барлығын жұмыспен қамтуға уәде етті. Бірақ жалақысы салыстырмалы түрде төмендеу болады. Қазір балалар жекеменшік балабақшаға ауысуды бастаған. Оларға айлық төлем мемлекеттік балабақшадағыдай 15 мың теңгеден аспайды, осал отбасыларға жеңілдік беріледі.