«Ұялмайтындай жұмыс істедім»: Айдос Сарым өзінің депутаттық жұмысына баға берді

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым өзінің депутаттық жұмысына баға берді деп жазады Kursiv.Media. Тілшілер сұрағына «ұялмайтындай жұмыс істедім» деп жауап берді.
«Біздің комитетті алатын болсақ, бір жыл ішінде әскерге қатысты жеті заң өткізіппіз. Өте маңызды заңдар. Талай заңнамаларға бастамашы болдым. Активтерді қайтару жөніндегі заңнама бар, «Ұлттық қор балаларға» деген сияқты маңызды заңдар бар. Жалпы 400-500 заңнамаға ұсыныс берген адаммын», – дейді Айдос Сарым.
Ол 2021 жылдан бері мәжіліс депутаты. Парламентке партиялық тізіммен «Amanat» партиясының атынан өткен.
Депутаттық мансабына дейін «Ақ Жол» партиясының құрамында болды. Белгілі мемлекет қайраткері, оппозиция лидері Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қорды басқарған.
Сарым жаңа Ата Заң жобасымен жұмыс істеген Конституциялық комиссия құрамында да болды. Ол Ата заң жобасына ой қосқан азаматтарға алғыс хат беруді ұсынған еді.
Еске салайық, қазіргі Парламент депутаттары 1 шілдеге дейін жұмыс істейді. Жаңа Конституция жобасы қабылданса, 1 қыркүйектен бастап жаңа парламент, Құрылтай, жұмысын бастайды.