Жаңалықтар

Жәнібек Әлімханұлының ағзасына допинг қалай түскені белгілі болды

Жанибек Алимханулы, Эгис Климас, допинг, WBO, бокс
фото: instagram

Орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы төңірегіндегі допинг дауына қатысты жаңа деректер жарияланды. Белгілі болғандай, тыйым салынған зат спортшының ағзасына жаттығу кезінде емес, медициналық ем қабылдау барысында түскен.

Боксшы 2025 жылдың 7 мамырында Астана қаласындағы бір клиникаға медициналық көмекке жүгінген. Ол басы қатты ауырып, жүрегі айнығанына, құсып, басы айналғанына шағымданған. Бұл жағдай 5 сәуірде өткен жекпе-жектен кейін нашарлай бастаған.

Әлімханұлына дәрігерлер құрамында мельдоний бар «Рипронат» препаратын тағайындаған. Дәрітамыр арқылы енгізілген, себебі спортшының жағдайы жедел емдеуді талап еткен.

Қорғау тарапының ұстанымы

Спортшының менеджері Эгис Климас америкалық журналист Стив Кимге берген сұхбатында Жәнібектің спорттық режимді әдейі бұзбағанын айтты.

Оның айтуынша, мельдоний ағзада 9 айға дейін сақталуы мүмкін. Сол уақытта боксшының жекпе-жек жоспарлары болмаған және допинг-тесттерден өтпеген. Сонымен қатар, дәрігерлер тағайындаған ем Қазақстанда рецептсіз сатылатын заңды препараттар арқылы жүргізілген.

Дисквалификация мерзімі

WBO ұйымы 20 ақпанда боксшыны бір жылға спорттан шеттету туралы шешім шығарды. Дисквалификация 2026 жылдың 2 желтоқсанында аяқталады. Осы уақыт аралығында боксшы кәсіби және көрме жекпе-жектеріне қатыса алмайды.