Lifestyle

Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енді

Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі ЮНЕСКО-ның мұраларының алдын ала тізіміне енді / Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өткен бесінші отырысында берген тапсырмасын орындау аясында Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне (Tentative List) енгізілді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин хабарлады.

Жаркент мешіті – ХІХ ғасырдың соңындағы діни сәулет өнерінің бірегей ескерткіші. Ол ислам сәулет дәстүрі мен Шығыс Азия құрылыс өнерінің синтезін айқын көрсететін нысан ретінде ерекшеленеді. Ал инженерлік және көркемдік шешімдерімен танымал Вознесенск шіркеуі ХХ ғасырдың басындағы православ ағаш сәулетінің озық үлгісі саналады.

Екі нысанның бір мезгілде ұсынылуы Қазақстандағы мәдени әралуандықты айқындап, Орталық Азияда ислам мен христиан дәстүрлерінің тарихи тұрғыда қатар дамып, өзара ықпал еткенін көрсетеді.

Мешіт пен шіркеудің алдын ала тізімге енуі – еліміздің мәдени мұрасын сақтау және халықаралық деңгейде дәріптеу жолындағы маңызды қадам. Бұл шешім алдағы уақытта ЮНЕСКО талаптарына сай толыққанды номинациялық құжаттарды әзірлеуге негіз болады.