
29 наурыздан бастап өзбекстандық Centrum Air әуе компаниясы Ташкент – Астана – Ташкент бағыты бойынша тұрақты рейстерді ашады.
Ташкент – Астана рейстерінің кестесі
Airbus A320 ұшағымен орындалатын әуе рейстер аптасына үш рет – дүйсенбі, жұма және жексенбі күндері болады. Ұшу уақыты шамамен екі сағатты құрайды
Билет бағасы
Билет бағасы 85 мың теңгеден (жүк багажынсыз) басталады.
«Билет бағасы ұшудың күні мен рейстің жүктелуіне байланысты өзгеруі мүмкін», – деп мәлімдеді Н.Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.
Астананың әуежайы жаңа рейстердің ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік байланысын дамытуға бағытталғанын хабарлады. Жаңа бағыт іскерлік байланыстарды нығайтып, туристік ағынды арттырып, екі елде тұратын отбасылардың саяхаттарын жеңілдетуі тиіс.
Сонымен қатар, қосымша әуе тасымалдаушының пайда болуы Астана – Ташкент бағыты бойынша бәсекелестікті күшейтеді, бұл алдағы уақытта билет бағасына әсер етуі мүмкін.
Еске салайық, жазда Шымкенттен Әзербайжанға тікелей рейс іске қосылады. AZAL әуе компаниясының хабарлауынша, алғашқы рейс 16 маусымда орындалады. Билеттер қазірден бастап сатылымға шыққан.