Айзат Жұманованың күйеуіне шыққан үкім күшіне енді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Айзат Жұманова
Айзат Жұманова күйеуінің қолынан қаза тапқан /фото әлеуметтік желіден алынды, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Талдықорғанда қаза тапқан Айзат Жұманованың күйеуіне шыққан үкім өзгеріссіз қалды. Осылайша Айбар Жанболат 14 жыл түрмеде отырады.

Бірінші сатыдағы сот үкіміне екі тарап та қарсылық білдірген. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне Жұманованың туысы Раушан Дәуренбекова айтты.

«Сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сотталған Жанболаттың адвокаттары істі қылмыстық кодекстің 106-бабына (денсаулыққа қасақана зиян келтіру) ауыстыруды сұраған. Біз қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағына (аса қатыгездікпен адам өлтіру) ауыстыруды сұрадық. Сот алқасы бапты өзгерте алмайды екен, әрі қарай тергеуге де жібермейді екен», – дейді Раушан Дәуренбекова.

Енді Айзат Жұманованың отбасы әрі қарай кассациялық сотқа жүгінбейтінін айтты. Алайда тергеу барысында салғырттық танытқан қызметкерлер үстінен шағымданған.

Істің мән-жайы

Қайғылы жағдай Жетісу облысы Баласаз ауылында болған. Тергеу дерегінше, 2025 жылдың 21 маусымы сағат 05:00 шамасында марқұмның күйеуі Айбар Жанболат тауға атпен мал бағуға кетіп, 16:30 шамасында үйіне келген. Сол кезде Жұманованың табалдырықта біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп, кіммен әңгімелескенін сұраған. Жұманова жауап бермей, үйге кіріп кеткен.

Содан кейін Жанболат дүкенге барып, 7-8 бөтелке сыра сатып алған. Жол бойы сатып алған сыраны ішкен. Үйге келген соң Жұманованың белгісіз біреумен телефон арқылы сөйлесіп жүргені есіне түсіп, қызғаныш сезімі оянып, әйелін өлтіруді ойлаған.

Айбар Жанболат әйелін өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз