
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов елдегі риелторларды сынап, олардың жұмысын реттейтін заң жобасын әзірлегенін мәлімдеді.
Риелтор кімнің мүддесін қорғайды?
«Бұл сала көп сыналып жүр. Еш мемлекеттің бақылау жоқ, салық төлеу жағы күмәнді, тұтынушыларды жиі алдайды. Алаяқтық көп», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парағына.
Әбеновтің айтуынша, риелторлардың сатушы мен сатып алушымен келісімге отырып, екі жақтан да ақша алатыны көп сыналады.
«Бұл – әлемде жоқ тәжірибе. «Екі жаққа қызмет көрсету” әдісі логикаға сыймайды. Біреуі қымбатқа сатам десе, екіншісі арзанға алғысы келеді. Сонда риелтор кімнің мүддесін қорғайды?», – деп сұрады депутат.
Заң жобасын әзірледі
Бұған қоса, ол жылжымайтын мүлік иесі пәтерді өзі сатса да риелторға ақша төлейтін келісімшартты сынады.
«Бірақ риелтордың өз жауапкершілігі мүлдем жоқ. Ол судан таза, сүттен ақ – шартқа қол қойдырса болды, ақшасын алады. Бұл – заңға да қайшы», – деп есептейді төменгі палата өкілі.
Оның пікірінше, тұтынушыларды қорғау заңы бойынша мұндай шарттар азаматтар құқығын бұзады.
Сонымен бірге депутат Әбенов риелторлар жұмысын реттейтін заң жобасын әзірлегенін мәлімдеді. Оны әріптесі Наталья Дементьевамен бірге жақында парламентке ұсынбақ.
«Жақында ұсынамыз. Толық мемлекеттік бақылауға аламыз, әсіресе, тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша», – деп жазды депутат.
Қазақстанда риелторлар қызметіне қатысты арнайы заң жоқ. Риелтор мен клиент арасындағы шарт Азаматтық кодекс шарттарына сай жасалады.