Жаңалықтар

Алматыда зираттан орынды енді онлайн таңдауға болады

Выбрать место для захоронения в Алматы теперь можно онлайн
Жаңа сервис іске қосылды/shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматыда зираттарда қай жердің бос екенін енді онлайн білуге болады. Жаңа Orynai сервисінде мазараттар туралы мәлімет жарияланған.

Сервис арқылы зираттағы орынды онлайн рәсімдеуге өтініш беруге болады.

Зираттар картасы Яндекс.Карта технологиясы негізінде жұмыс істейді. Ол жерде учаскелерді қарап, маршрут құруға болады. Сервисте қазір қаланың негізгі зираттары, соның ішінде Кенсай-2, Боралдай зираты, Айнабулак зираты және Алатау зираты бойынша ақпарат бар.

Сервистің басты бетінде екі батырма бар: «Маманға қоңырау шалу» және «Жерлеуді ұйымдастыру». Біріншісі операторға қосады, ал екіншісі арқылы пайдаланушы қала, зират және дінді таңдай алады.

Содан кейін бос және толы орындар белгіленген карта ашылады. Мысалы, Кенсай-2 зиратында шамамен 1 300 орын бар. Орынды алдын ала таңдауға болады, қызмет құны – 1000 теңге. Содан кейін сайт қайтыс болған адам туралы мәліметтерді толтыруды сұрайды.

Жоба Алматы қаласының әкімдігі қолдауымен, қаланы цифрландыру және «ақылды қала» бағдарламасы аясында іске қосылды.

Алматыда 70 зират бар

Айта кетейік, Алматы қаласында жалпы 70 зират бар. Ішінде тек тоғызы ашық тұр, қалғанына мәйіт жерлеуге рұқсат берілмейді. Қаладағы зираттар 764 гектар жерді алып жатыр (бұған толып кеткен зираттар да кіреді).

Ұлттық статистика бюросы ақпаратына сәйкес, Алматыда коронавирус пандемиясы өршіген 2020 жылы 14,4 мың адам қайтыс болды. Одан кейінгі жылы 18 мың, Қаңтар оқиғасы болған 2022 жылы 12,2 мың адамның өлімі тіркелген. Ал 2024-2025 жылдары 11-12 мың адамнан қайтыс болған.

Сондай-ақ қалада крематорий пайдалануға беруге дайын тұр. Крематорий салу бастамасы 2020 жылы коронавирус пандемиясы тұсында көтерілді. Содан кейін нысанның құрылысы басталды. Алайда қала әкімі Дархан Сатыбалды 1,5 млрд теңгеге салынған нысанның қашан пайдалануға берілетіні белгісіз деп мәлімдеді. Артынша 2026 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, крематорийдің пайдалануға берілетіні айтылды. Дей тұрғанмен қазірге дейін нақты күні жарияланбады.