
Еуропа төрінде қазақ дауысы асқақтады. Бельгияның танымал радиостанциясы өз эфирінің екі сағатын арнайы Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арнады.
Әлем тыңдаған екі сағат
Бұл хабар тек Бельгия емес, бүкіл әлем назарын аударды. Радиохабар барысында Франция, Германия, Мексика, Румыния, Жапония, АҚШ, Нидерланды, Иран, Швеция, Бразилия, Мысыр, Тунис және Эфиопия секілді елдерден жүздеген тыңдарман байланысқа шығып, әншіге деген ыстық ықыластарын білдірді.
Бағдарламаның шымылдығы Димаштың орындауындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.
Эфирде әндер ғана шырқалып қана қоймай, Димаштың соңғы жаңалықтары да кеңінен талқыланды:
- «Beyond Horizon» жобасы: Димаштың тек орындаушы емес, кәсіби продюсер ретіндегі қарымы мен жаңа дыбыстық шоуының ерекшеліктері туралы сөз болды.
- Димаштың Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) жаһандық елшісі ретіндегі маңызды миссиясы, оның әлемдік гуманитарлық мәселелерге қосып жатқан үлесі ерекше аталды.
Бельгиялық белсенді жанкүйер Венди Мразек (Wendy Mrazek) бұл хабардың маңызына тоқталып, Димаш өнерінің адамдарды біріктіруші күшін тілге тиек етті. Оның айтуынша, екі сағаттық бағдарлама тыңдармандарды Димаштың ғажайып әлеміне тереңірек бойлатқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда Димаш Құдайбергеннің музыкалық аспаптарына арналған көрме өтті.