«Бізді интернеттің жоқтығы құтқарды»: Саят Медеуов Қайрат пен Төреғалиді ақтады

Жарияланды 26 Ақпан 2026 12:28

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
«Көкесін танытқың келетін азаматтар кездеседі» деді әнші / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
«Көкесін танытқың келетін азаматтар кездеседі» деді әнші / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Саят Медеуов өнердегі інілері Қайрат Нұртастың, Әбдіжаппар Әлқожа мен Төреғали Төрәлінің «тентектігін» ақтап алды.

Десе де, әнші Qazaq Airan-ға берген сұхбатында өзінен кейінгі буынға сабырлылық жетіспейтінін де алға тартты.

«Қатарластарыммен, замандастарыммен мақтанамын. Мейрамбектердің, Тоқтарлардың, Сәкендердің, Сержан, Жанатбек, Сәбиттердің, атай берсек көп, оның алдынғы буын Бекжан, Нұрлан Өнербаев ағаларымыздың заманында, сол кісілердің ізін басып бірге келе жатқанымызды өзім мақтан тұтамын», – деді Саят Медеуов.  

Аға буынның мәдениеті жоғары

Әншінің пікірінше, мұндай адамдардың заманында өмір сүру ол үшін үлкен мақтаныш. Өйткені ол кісілер өте тәрбиелі. Мәдениеті жоғары. Алтынбек Қоразбаевты, Нұрлан Өнербаевты, Ескендір Хасанғалиевті тыңдап өскен ұрпақ жаман болмайды деп біледі әнші.

«Ол заманда бізде де қателік болды. Біздің де бір жерлерде бұзықтық жасаған кездеріміз болған шығар. Интернеттің жоқтығынан жаман атқа ілікпей қалған шығармыз. Әйтпесе, бізде де ашу жоқ емес. Бізде де мінез жоқ емес. Бәріміз бірдей сабырлымыз, бәріміз бірдей ақылдымыз деп айтпаймын. Қазір интернет адамдарды ашып жатыр, бір жағынан жамандыққа итермелеп жатыр», – деді әнші.  

«Оларды өзім де ұрғым келеді»

Журналист Сансызбай Нұрбаба Саят Медеуовтен ендеше кейінгі буынның неге алдыңғы буыннан үлгі алмай жатқанын сұрады. Мәселен, Қайрат Нұртас ұшақта біреумен жаға жыртысқан. Әбдіжаппар Әлқожаның мас болып, полицияға ұсталғаны бар. Төреғали Төрәлінің «тентектігі» екеуінен асып жығылады. «Неге бұлай болды?» деген сауал қойылды.

«Мінез деген нәрсе бар. Сабырлылық деген нәрсе де бар. Сабырлылық жетпегенінен шығар. Біздің ауылда бір ақсақал «ататын адам көп, әттеген-ай, заң жаман» деп айтқан екен. Өмірде талай жігіттер бар. Оларды өзім де ұрғым келеді. Көкесін танытқың келетін азаматтар кездеседі», – деді Саят Медеуов.

Қала сыртына барып, төбелеспек болған

Оның айтуынша, мұндай жағдай да адам сабырлылықпен ғана өзін ұстайды. Тіпті, қараптан қарап ұрынатын жігіттер болады. Мысал ретінде Алматыдағы сауда орталығының бірінде оны әлдебір екі жігіт келеке қылып, күлгенін айтты. Бұған шамданған әнші екі жігітті көлігіне отырғызып, қала сыртына апарып, төбелеспек болған. Бірақ олар кешірім сұрап құтылған.

«Мүмкін сондай адамдарға тап келетін шығар. Сосын ұруына тура келетін шығар», – деп өнер сахнасындағы інілерінің «тентектігін» ақтап алды.  

Мұның алдында Саят Медеуов Әсет Бейсеуовті еске алу кешінде өнер көрсеткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз