Жаңалықтар

Coca-Cola Қазақстандағы төртінші зауытын ашпақшы

Фото: akket.com

Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясы Қазақстанда төртінші зауытын салмақ. Ол Ақтөбе өңірінде болады деп хабарлайды облыстық баспасөз қызметінен.

Әйгілі бренд зауыт құрылысына 41,9 млрд теңге инвестиция салуға дайын. 2027 жылы пайдалануға берілуі керек. Жылына 280 млн литр алкогольсіз сусын өндіреді деген жоспар бар.

Облыс әкімдігінен кәсіпорын үшін 41-разъезд ауданынан 25 гектар жер телімі бөлінген. Жоба аясында 150 жұмыс орны құрылады.

«Жаңа өндірістік кешен Қазақстандағы Coca-Cola Içecek компаниясының төртінші зауыты болады. Ол заманауи технологиялық желілер, қалдықтарды экологиялық басқару жүйелері және халықаралық тұрақты даму стандарттарына сай энергия үнемдейтін шешімдермен жабдықталады», – дейді облыс әкімдігінен.

Бұған дейін Coca-Cola Içecek Kazakhstan Алматы, Шымкент және Астанаға үш зауыт салған. Компания брендтері қатарында Coca-Cola, қантсыз Coca-Cola, Fanta, Sprite, Piko, BonAqua, FuseTea тәрізді өнімдер бар.

Осыған дейін еліміздегі ірі сусын брендтері, олардың түпкілікті иесі туралы материал дайындаған едік. «Zigi-Zagi», Dizzy мен Gorilla-ның артында кім тұрғанын мына жерден оқи аласыз.