Жаңалықтар

Достық үйіне бөлінген 2,2 млрд теңге вице-министрдің әкесіне бұйырды

Қордай қаласындағы Достық үйі құрылысына тендер
Мәлік Олжабеков вице-министр қызметіне 2025 жылғы қазанда кіріскен / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жамбыл облысы Қордай қаласындағы Достық үйінің құрылысын кім жүргізетіні анықталды. 26 ақпанда таңертең 2,2 млрд теңгенің тендерінің нәтижесі жарияланды. Құрылысты вице-министрдің әкесіне тиесілі компания жүргізеді.

Бір тендер тарихы

Жамбыл облысының әкімдігі Қордай ауылындағы «Батыс» тұрғын алабында «Достық» үйінің құрылысына тендер жариялаған. Құрылысқа 2 млрд 196 млн 609 мың теңге қарастырылған. Қаражатты мемлекет төлейді.

25 ақпанда ашық байқауға өтініш қабылдау аяқталып, 26 ақпанда таңертең тендер нәтижесі жарияланды.

Мемлекеттік сатып алу хаттамасында тендерге қатысуға алты құрылыс компаниясы өтініш бергені, олардың бәрі байқауға жіберілгені айтылды. Комиссия «Бином» құрылыс компаниясын байқау жеңімпазы деп таныды.

Қордайдағы Достық үйіне тендер нәтижесі
Тендер хаттамасы satypalu.gov.kz порталында жарияланды

«Бином» компаниясы туралы

eGov мәліметінше, «Бином» компаниясы 1998 жылғы 17 наурызда Тараз қаласында тіркеліп, 2017 жылғы сәуірде қайта тіркеуден өткен. Серік Олжабеков – құрылыс компаниясының басшысы әрі жалғыз құрылтайшысы.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, «Бином» компаниясы 2025 жылы 53,4 млн теңге салық төлеген. Бұл осыдан төрт жыл бұрынғы көрсеткіштен алты есе аз: компанияның 2022 жылы төлеген салығы – 634,5 млн теңге. Биыл құрылыс компаниясы бар болғаны 45 мың теңге салық төлеген.

Вице-министрдің әкесі

Серік Олжабековтің айтуынша, компания 1998 жылы «Агроқұрылыс» базасында құрылған. Сол жылы оның қарамағанда 50 адам істесе, компанияда бар болғаны он техника болған.

Компания 2025 жылы екі тендер жеңіп алған. Енді Байзақ ауданында 6 көпқабатты үй, Таразда көпқабатты 10 үй тұрғызады.

Кәсіпкердің ұлы Мәлік Олжабеков жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі қызметін атқарып жүр. Мәлік Серікұлы осы қызметке 2025 жылғы қазанда тағайындалған.

Қордайдағы Достық үйі

Қордай қаласындағы Достық үйі 2026 жылдың аяғы немесе 2027 жылдың басында ашылуы мүмкін. Жобаның техникалық сипаттамасында құрылысты аяқтауға 9 ай уақыт берілетіні айтылған. Құрылысқа «Батыс» алабынан 1 гектар жер бөлінген. Құрылыс 2026 жылдың екінші тоқсанында басталуы тиіс.

Қордай ауылында салынатын Достық үйі ғимаратының сызбасы, фасад
Қордай Достық үйі ғимаратының сызбасы / фото: satypalu.gov.kz

Президент тапсырмасы

Түрлі ұлт өкілдері көп шоғырланған өңірлерде достық үйлерін ашу туралы тапсырманы Қасым-Жомарт Тоқаев берген.

«Түрлі этнос өкілдері тұратын ҚордайҰйғырСайрамПанфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын», – деп мәлімдеген Тоқаев 2025 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында.

158 мыңнан астам халқы бар Қордай ауданында 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Халықтың басым бөлігі қазақтар болғанымен, Масанчи, Сортөбе және Ауқатты ауылдарында дүнгендер көп.

2020 жылғы ақпанда Қордай ауданында ірі ұлтаралық қақтығыс болып, соның салдарынан 11 адам қаза тапқан.

Бұған дейін Kursiv.Media масамен күреске бөлінген 13,6 млрд теңгенің тендерін кәсіби спортшының клининг компаниясы жеңіп алғаны туралы жазған.