Кілемге сурет салатын Assolya әлемдегі ең үздік креаторлар тізіміне енді

Жарияланды 26 Ақпан 2026 12:45

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
фото: TikTok Kazakhstan

Жұлдыздардың суретін кілемге салып танылған суретші Әсел Сабыржанқызының (Assolya) есімі The Discover List топтамасына енді. Осылайша әлемдегі ең үздік 50 креатордың бірі атанды деп хабарлайды TikTok Kazakhstan.

The Discover List тізіміне аудиториясын шабыттандырып, тренд қалыптастырып жүрген авторлар іріктеледі. Олар бес санат бойынша ұсынылады:

  • Оқытушылар (Educators) – өз білімдерін аудиториямен бөлісетін авторлар.
  • Гурмандар (Foodies) – аспаздық бағыттағы ерекше контент жасайтын креаторлар.
  • Иконалар (Icons) – трендтер мен цифрлық мәдениет көшбасшылары.
  • Инноваторлар (Innovators) – контент форматтарыментәжірибе жасап, жаңа бағыт қалыптастыратын авторлар.
  • Кәсіпкерлер (Originators) – TikTok арқылы бизнесін дамытып, өнімдерін креативті түрде жарнамалап отырған авторлар.

Бұл тізімге Қазақстаннан бөлек АҚШ, Италия, Жапония, Бразилия, Кения, Ұлыбритания, Индонезия, Аустралия және Оңтүстік Африканың азаматтары да енген.

Дәстүрлі өнерді қайта жаңғыртқан

Әсел Сабыржанқызы дәстүрлі өнерді қайта жаңғыртып, digital-кеңістікте жарнамалап жүргені үшін «Инноваторлар» санаты бойынша еніп отыр.

Ол «Carpet Art» авторлық техникасында жұмыс істеп, кілем бетіне сурет салады.

«The Discover List тізімінде Қазақстан атынан шығу – мен үшін үлкен мәртебе. Мен ұлттық өнердің заманауи форматта әлемге түсінікті бола алатынын көрсетуге тырысамын. Өз шығармашылығым арқылы қазақ мәдениетіне жаңаша көзқарас қалыптастыруға үлес қосып жатқанына қуаныштымын», – деді Assolya.

Суретші «Ұлы дала патшайымдары» сериясы аясында тарихи тұлғалардың, сондай-ақ Димаш Құдайберген, Килиан Мбаппе сияқты жұлдыздардың бейнесін кілемге салған.

Былтыр жазда Джениффер Лопестің суретін салып, әнші оны өз сторисінде бөліскен еді. Ал күзде әйгілі актер Джеки Чанның бейнесін кілемге түсіріп табыстады.

Сондай-ақ оқыңыз