
АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп наурыз айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысына төрағалық етеді. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлайды.
2026 жылғы наурыз айында Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы Құрама Штаттарға өтеді. Сол кезде Мелания Трамп кеңестің бір отырысына басшылық етеді.
«Трамп ханымның басшылығымен тарихта алғаш рет АҚШ-тың бірінші ханымы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Кеңес мүшелері білім беру, технология, бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін талқылайды», – деп таратты бірінші ханымның кеңсесі.
Кеңес отырысы 2 наурызда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі кеңсесінде өтеді. Оған АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Майк Уолц, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Жиын тақырыбы: «Жанжал жағдайындағы балалар, технологиялар және білім беру мәселелері».
Мелания Трамп Ресей мен Украина соғысында ұрланған балалардың тағдырына алаңдаған. Жақында ғана ол украин балалары мен бір орыс баласының бостандыққа шығып, отбасымен қауышқанын хабарлаған.
Естеріңізде болса, кезінде Мелания Ресей президенті Владимир Путинге хат жазған.