Бағалы қағаздар нарығы туралы жаңа заң жыл соңына дейін дайын болады

Қазақстанда бағалы қағаздар нарығы туралы жаңа заң 2026 жылдың соңына дейін дайындалады. Бұл туралы Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде мәлім болды.
Агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымованың дерегінше, қазіргі уақытта акциялар нарығын капиталдандыру 39 трлн теңгеге (ІЖӨ-нің 24%-ы) жетті.
Корпоративтік облигациялар көлемі 16,2 трлн теңгені құрап отыр. KASE сауда жүйесінде 76 эмитенттің акциялары мен 158 эмитенттің облигациялары айналымда. Орталық депозитарийдегі шоттар саны 5 миллионнан асқан.
Жаңа заң қабылданады
Бағалы қағаздар нарығы туралы жаңа заң жобасы биыл жыл соңына дейін әзірленеді. Ал Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы 2026 жылғы қыркүйекке дейін дайын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленіп жатқан «Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» мен «Бағалы қағаздар нарығы туралы» жаңа заң жобасының негізгі бағыттары мынадай:
- Инвесторлар қатарын көбейту және жеке секторды ынталандыру. Нарықтың басты басымдығы — инвесторлар базасын кеңейту.
- Жаһандық капитал нарығымен ықпалдасу. Қазақстанның қор нарығын әлемдік жүйеге кіріктіру көзделуде. Бұл ретте шетелдік қатысушылар үшін халықаралық стандарттарға сай және жаһандық тәжірибемен терезесі тең жұмыс ортасы қалыптастырылады.
- Инновациялық құралдар мен технологиялық шешімдер. Заманауи технологияларды енгізу арқылы жаңа қаржы құралдарын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл нарықтың цифрлық тұрғыдан жетілуіне жол ашады.
- Корпоративтік басқарудың жаңа стандарттары. Компаниялардың ашықтығын арттыру және инвесторлардың құқықтарын заң жүзінде қорғауды күшейту мақсатында корпоративтік басқарудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі.
- Реттеу моделін жаңғырту. Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыру үшін реттеуші модель заман талабына сай қайта құрылады.
Жиын барысында KASE басшысы Әділ Мұхамеджанов нарықтық инфрақұрылымды технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажеттігін атап өтті. Halyk Finance басшысы Роман Әсілбеков жергілікті инвесторлардың рөліне тоқталса, SkyBridge Invest өкілі Шолпан Айнабаева халықаралық озық тәжірибені енгізудің маңыздылығын алға тартты.
Сонымен қатар биыл нвестициялық қорлар туралы жаңа заң жобасы әзірленді.