Ақылы тренингтер бақылауға алынады – мемлекет заңға өзгеріс енгізгелі жатыр

Бас прокурор Берік Асылов депутаттарға берген жауабында елдегі тренингтік курстар мен жеке тұлғаны дамыту бағдарламаларын реттеп, регламенттеу үшін заңға тиісті өзгерістер енгізілетінін хабарлады.
Асыловтың сөзінше, қолданыстағы заңнамада тренингтік курстар мен жеке тұлғаны дамыту бағдарламаларын реттеу бөлігінде жүйелі құқықтық тетік жоқ. Яғни қысқа мерзімді тренингтерді лицензиялау тəртібі белгіленбеген, қолданылатын психологиялық əдістерге жəне үйретуші-коучтардың біліктілігіне қойылатын талаптар нақты регламенттелмеген, қатысушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері қалыптастырылмаған.
«Аталған курстардағы əрекеттерде адамның еркінен тыс мəжбүрлеу, көпшілік алдында қорлау арқылы психологиялық қысым көрсету, жеке өмірге қол сұғу, тұтынушыға толық ақпарат бермеу, сондай-ақ шартта көзделген міндеттемелерді орындамау белгілері болуы мүмкін. Бүгінде тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту жəне тренинг жүргізетін адамдардың (коучтардың) адал қызмет көрсетуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет тарапынан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар əзірленіп, Мəжілістің қаралуына жолданды», – дейді Асылов.
Заң нормасы қабылданғаннан кейін тренингтердің мазмұнына, əдістемелеріне жəне заңнамаға сəйкестігіне тексерістер жүргізіліп, қорлау, психологиялық қысым көрсету, мəжбүрлеу жəне манипуляция жасау белгілері бар əрекеттерге құқықтық баға берілгелі жатыр.
Бұған дейін осы мәселеге байланысты депутат Амантай Жарқынбек Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға және Бас Прокурор Берік Асыловқа сауал жолдаған еді. Мәжілісмен елдегі жарнамасы жер жарған мұндай курстар азаматтарға пайдадан гөрі рухани, психологиялық және қаржылық зиян келтіріп жатқанын айтып дабыл қақты.