Жаңалықтар

Мал шаруашылығының машақаты: ата кәсіп неге алға баспай тұр

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда мал шаруашылығына мемлекеттен жылдар бойы миллиардтап қаржылай көмек бөлінсе де, ішкі сұраныста ет бағасы құбылып, экспорт мәселесі шешілмей келеді. Оған қоса ауылдағы бес-алты малы бар азаматтардың жағдайы жақсарды ма деген сауал басы ашық күйінде қалып отыр. Бір қарағанда, әлемдегі ауқымы жағынан 9-шы орында тұрған қазақ жерінің ой-қыры малға тола шұрқырап, ата кәсіптің нәсібін бүкіл ел де, мемлекет те көруі керек-тін. Kursiv.Media неге сол мақсатқа жете алмай келе жатырмыз деген мәселеге үңіліп көрді.

Қазақстан үшін мал шаруашылығы – тек экономикалық сектор емес, әлеуметтік тұрақтылықтың тірегі. Әйтсе де, салада жүйелі мәселелер қордаланып, жылдар бойы шешілмей тұр. Біріншіден, кейінгі бес-алты жылда экспортты шектеу саясаты ішкі нарықтағы баға балансын бұзып, өндірушінің табысын төмендетті. Соның салдарынан мал ұстау тиімсіз кәсіпке айналды.

Екіншіден, мал басының қысқаруы ет бағасының күрт өсуіне апарып соқты. Бұл – таза нарықтық заңдылық: ұсыныс азайса, баға өседі. 2019-2020 жылдары ішкі қажеттіліктің 120-130 пайызына жеткен мал саны кейін дефицитке ұрынды. Үшіншіден, субсидиялау жүйесі күрделі әрі бюрократиялық формадан арыла алмай келеді. Қарапайым шаруа үшін конкурсқа қатысу, ұпай жинау, жер мен техниканы рәсімдеу – бюрократияға толы күрделі процес. Кепілдік базасы әлсіз азаматтар оны ала да алмайды. Бірі жері, екіншісінің техникасы жоқ.

Төртіншіден, кооперация идеясы қағаз жүзінде мінсіз көрінгенімен, ауылды жерде ешкім малын біріктіргісі келмейді. Ортақ өгізден оңаша бұзауын артық көреді. Неге солай деп ауылдағы ағайынға да кінә арта алмайсың. Бұл елдің шаруасын кеңес одағы кезіндегі «ұжымдастыру» енді қыздырып әкетпесі анық.

2026 жылғы субсидиялар: қай салаға қанша ақша бөлінеді

Әуелі Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінен 2026 жылы мал шаруашылығына мемлекеттен бөлінетін қаржылай көмектер мен субсидиялардың нақты көлемі қанша және ол қай бағыттарға қалай бөлінетінін сұрап көрдік. Біз министрліктен қой, сиыр, жылқы, түйе, шошқа шаруашылығының әрбірін жеке-жеке көрсетуді өтіндік.

Фото: shutterstock, бильд-редактор Дастан Шанай

Министрліктің мәліметінше, бүгінгі күні мал шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары бойынша жүргізіледі. Субсидиялар тиісті қаржы жылына жергілікті бюджетте козделген каражат есебінен және сол қаражат шегінде төленеді.

Қағидалар аясында келесідей субсидия түрлері қарастырылған.

Етті және етті-сүтті мал шаруашылығы бойынша қаражат не үшін беріледі:

– ет және ет-сүт бағытындағы отандық асыл тұқымды тұқымдық бұқа  сатып алу;

– ірі қара малдың отандық және импортталған асыл тұқымды аналық басын сатып алу;

-ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдың төлін өсіру шығындарын арзандату; 

– бордақылау алаңдарына бордақылауға немесе ет өңдеу кәсіпорындарына союға өткізілген бұқашықтардың құнын арзандату; 

– ірі қара малды союмен және етін бастапқы өңдеумен айналысатын ет өңдеу кәсіпорындарының сиыр етін өткізу құнын арзандату.

Сүтті және сүтті-етті мал шаруашылығы бойынша қаражат не үшін беріледі:

ірі қара малдың отандық және импортталған асыл тұқымды аналық басын сатып алу;

сүт өндірісінің құнын арзандату;

ірі қара мал эмбриондарының сатып алу құнын арзандату.

Мал шаруашылығы саласында қаражат не үшін беріледі:

– ірі қара малдың аналық басын қолдан ұрықтандыру бойынша көрсеткен қызметтерінің құнын субсидиялау;

– сүтті/сүтті-етті және етті/етті-сүтті бағыттардағы асыл тұқымды бұқаның ұрығын сатып алу.

Құс шаруашылығы саласында қаражат не үшін беріледі:

– асыл тұқымды тәуліктік балапандарды сатып алу;

– тауық етін өндіру құнын төмендету.

Қой шаруашылығы саласында қаражат не үшін беріледі:

– асыл тұқымды отандық және импортталған қой сатып алу;

– асыл тұқымды ұсақ малдың төлін өсіру шығындарын арзандату,

– бордақылау алаңдарына бордақылауға немесе ет өңдеу кәсіпорындарына союға өткізілген ұсақ малдың еркек дарағының құнын арзандату;

– бордақылау алаңдарына бордақылауға немесе ет өңдеу кәсіпорындарына союға өткізілген ұсақ малдың еркек дарағының құнын арзандату;

– қой эмбриондарын сатып алу құнын арзандату;

– қой басын қолдан ұрықтандыру бойынша көрсеткен қызметтерінің құнын субсидиялау;

– қайта өңдеуге өткізілген жүннің құнын арзандату;

– ешкілердің асыл тұқымды аналық басын сатып алу.

Жылқы шаруашылығы саласында қаражат не үшін беріледі:

– мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарының асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу;

– өнімділік бағытындағы асыл тұқымды тұқымдық айғырлар сатып алу;

– асыл тұқымдық орталықтардың шет елдік селекцияның мініс бағытындағы асыл тұқымды тұқымдық айғырларды сатып алу;

– Қазақстан аумағында өсірілген мініс және мініс-жегін жылқылар тұқымдарының асыл тұқымды мал басын күтіп-бағуға жұмсалған шығындарды өтеу;

– бие сүтін өндіру мен өңдеудің құнын арзандату.

Түйе шаруашылығы саласында қаражат не үшін беріледі:

асыл тұқымды тұқымдық түйелер сатып алу;

түйе сүтін өндіру мен өңдеудің құнын арзандату.

Шошқа шаруашылығы саласында қаражат не үшін беріледі:

асыл тұқымды шошқалар сатып алу;

– ет өңдеу кәсіпорындарына немесе сою пункттеріне өткізілген немесе союға ауыстырылған шошқалардың құнын арзандату.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарлары басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуды субсидиялау қарастырылған.

Фото: kursiv.media мұрағаты

Мал шаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттерде 119,0 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде:

Етті бағыттағы ірі қара малға – 28,6 млрд теңге;

Сүтті ірі қара малға – 50,3 млрд теңге;

Қой шаруашылығына – 11,1 млрд теңге;

Құс шаруашылығына – 24,4 млрд теңге;

Жылқы шаруашылығына – 1,1 млрд теңге;

Шошқа шаруашылығына – 900,0 млн теңге;

Түйе шаруашылығына – 697,3 млн теңге;

Қалған қаражат басқа бағыттарға (мал азығы, бал өндірісі т.б.) бөлінеді.

Министр не дейді

Жоғарыда аталған көмектің көбі – шаруашылығы жолға қойылған, жері мен техникасы жағынан таршылық көрмейтін кәсіпкерлерге ғана беріліп жатыр деген пайым бар. Бұған дейін депутаттар ірі шаруа қожалықтардан гөрі ауылда бес-алты малы бар азаматтарға мемлекет көбірек көмектесуі керек деп пікір айтқан еді. Әйтсе де, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көмек бәріне бірдей берілетінін айтады.

Айдарбек Сапаров / фото: primeminister.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

«Жеке қосалқы шаруашылықты міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеу керек. Соған көшсе, ешқандай проблема жоқ. Азаматтар жеңілдетілген несиені де, субсидияны да ала алады. Бұрын 2900 болған кооперативтер саны қазір 3900-ға жетті. Бүгінгі сан бойынша тіптен 4465-ке жеткіздік. Олар сол шаруашылықтар – кооперативтерге бірігіп, несиесі мен субсидиясын алып жатыр», – дейді ол.

Сапаровтың сөзінше, мемлекеттен бөлінетін қаржының 70 пайызына жуығы ұсақ және орта шаруашылықтарға беріледі. Сонымен қатар министр кім шығын шығарады – соның шығынын жабу үшін субсидия уақытында беріледі деп мәлімдеді.

«Қолдау аз емес. Бұрын өсімдік шаруашылығына қолдау 1 трлн теңгеге жетсе, қазір мал шаруашылығына бөлек бағдарлама ашылды. 1 наурыздан бастап өтінімдер қабылданады. Сол арада қаржыландыру мәселесі шешіледі. Шаруашылықтардың ұсағы немесе ірісі болсын, жеңілдіктерді ала алады. Мұндай көмек бұрын болмаған. Бордақылау алаңдарына былтырдан бастап 5 пайыздық жеңіл кредит 15 айға дейін беріледі. Биылдан бастап 7 жылға дейін 6 пайызбен беріледі. Үлкен шаруашылықтар бұл бағдарламаларға қатыса алады», – деді министр.

Сапаров ірі қара мал мен қой шаруашылығына басымдық беріп, бірақ басқа шаруашылықтарды да ұмытпау керектігін де қосып өтті. Яғни, сарапшылар сынымен келісе қоймайды.

Малы арзандаған жігіттер таксист болып кетті

Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевпен телефон арқылы сөйлесіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығына бөлген қаржылай қолдауына көңілі қаншалықты толатынын сұрағанбыз. Сала сарапшысы мал шаруашылығы жыларман жағдайда тұрғанын айтады. Соның салдарынан ет күрт қымбаттап кетті деп есептейді.

«Меніңше, мал шаруашылығымен кейінгі бес жылда ешкім айналыспаған, көңіл бөлмеген. Ешқандай бағдарлама, жеңіл несие де, оны қалай дамытуға болатыны жайлы да еш түсіністік болмаған. Шын мәнінде, мемлекет 2010 жылдан бері саланы қалай көтереміз деп бас қатырып келе жатыр. Бізде ауыл шаруашылығына жауапты бір министр орнынан кетсе, екінші министр келеді де, алдыңғы басшы жасаған шаруаны аударып-төңкеріп, өз саясатын жүргізеді. Бірі бастаған істі екіншісі алып кетпейді. Қазір де солай. Әлбетте, «қолдаймыз» деп талпынғандары дұрыс», – дейді ол.

Мақсұт Бақтыбаев мемлекет мал шаруашылығына бет бұруының бірнеше себебін көреді. Әуелі былтыр ет күрт қымбаттаған, екіншіден мал басы елде азайып кеткен. Мал азайған соң ет те азайып, баға өсе бастаған.

Мақсұт Бақтыбаев / фото: желідегі парақшасынан

«Экономика заңын түсінесіз ғой: бір нәрсенің дефициті пайда болса, соның бағасы қымбаттайды. Инфляциямен бірізді қымбаттаса бірсәрі, ет былтыр оған қарамай күрт қымбаттады. Бұл – бір-бір жарым жыл бұрын мал басының дефицитінен пайда болған фактор. Халық шулап кеткен соң Президент бір емес, бірнеше рет осы саланы реттеуді тапсыруына тура келді. Жолдауда бір, АӨК форумында екінші рет айтты. Ішкі бағаны реттеп, экспортқа шығаруды тапсырды. Бізде Үкіметтің алдын алудан бұрын мәселе туындап қойған соң ғана іске кірісетін әдеті бар. Бұл жерде де сөйтті. Мені сол таңғалдырады. Бір мәселе шешілуі үшін міндетті түрде Президент үн қатуы керек», – дейді сарапшы.

Қазақстан ет одағының басшысы кейінгі бес-алты жылда малмен айналысу тиімсіз жұмысқа айналғанына назар аударды. Сөзінше, 2019-2020 жылдары елде мал саны ішкі қажеттіліктің 120-130 пайызын құраған. Профицит байқалған.

«Экспортты шектесең, ішкі жағдайда бұл фактор нарыққа қысым жасай бастайды. Тиісінше, делдалдар ішкі баға балансын бұзып, етті өз бағасынан арзанға сатып ала бастады. Мал деген гаражға сақтап қоятын темір емес, оны асыраудың өзі бір әуре. Өкінішке қарай, осы жағдай 5-6 жыл бойы жалғасты. Ақыры, иелері малын бордақыға салды. Ал қазір жағдайды реттеу үшін көп ақша жұмсау керек. Үкімет сол себепті қазір жеңілдетілген несие бере бастады. Бұл – жағымды жағдай. Қателіктерді түсінген Үкімет қаржыландыра бастады. Бірақ еш жағдайда кәсіпкерге өзі шығарған тауарын сатуға тыйым салмау керек. Нарық либералды сипатта өз-өзіне реттеуі тиіс. Нарықта мал еті арзан болуы үшін ол көп болуы керек. 2018-2019 жылдары ішкі қажеттілікке де, экспортқа да мал жетіп артылатын», – дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Сарапшы бұрын малы бар азаматтарға бордақылау алаңдары, Өзбекстан кәсіпкерлері, базардағы делдалдар мен ет комбинаттары сатып алған жағдайда еттің бағасы әділетті түрде қалыптасқанын есіне алды. Яғни, бәсеке болған. Ал төрт сатып алушының екеуіне шектеу қойған кезде шаруаларға малын арза бағаға сатуына тура келген.

«Ақыры малы арзандаған жігіттер ауылын тастап, қалада такси болып кетті», дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Мақсұт Бақтыбаевтан сонымен қатар кейбір сарапшылар мен депутаттар айтып жүргендей ірі агрофермаларға емес, ауылда бес-алты малы бар азаматтарды көбірек қолдау бастамасына қалай қарайтынын сұрағанбыз. Ол қазір мал шаруашылығы саласында кеңес заманындай «ұжымдастыру» жүрмейтінін, яғни кооперативтерге ешкім бірікпейтінін айтады.

«Қазір көпқабатты бір үйдегі КСК-ның бастығын тұрғындар қырық пышақ болып таңдай алмай жатады. Қайдағы кооператив? Кооператив ерікті болуы керек. Шығынын тең бөлетін жүйе керек. Біздің ұсыныс – ауыл азаматтарына жер мен жеңіл несие беру керек. Сонда ғана олар бес-алты малын 50-60 басқа жеткізе алады. Оларға ресурс беріңіздер! Ешкімді ренжіткім келмейді, бірақ кабинеттен кабинетке көшіп жүрген шенділер салаға келсе, ойына неше түрлі «ақылды пайымдар» келе бастайды. Шын мәнінде, ауылдағы азаматтар малын бағып жүрсе – соларға көбірек жағдай жасап, арқасынан қағу керек. Ауылға бар да, малыңды 10 есе көбейтуге не кедергі деп сұрашы.. Малшы саған жер дауын айтады. 1000 га жерін бер де, жеңіл несиесін бөл. Бірақ көмектің қайтарымын қатаң қадағала! Ірі қожалықтар тиімді жұмыс істемейді. Бір банк 100 адамға 1 млрд теңгені бөліп, артынан жүгіріп жүргенше, бір адамға ғана бөліп, сонымен жұмыс істегісі келеді», – дейді ол.

Сарапшымен депутат келіседі

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев та мал шаруашылығына бөлінетін мемлекеттің миллиардтаған ақшасын ірі шаруа қожалықтарға, агрофермаларға бере бермей, ауылда мал ұстап отырған қарапайым шаруаларға беруді ұсынған еді.

Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев / фото: ашық дереккөзден

Депутаттың сөзінше, бұл мәселе 20 жылдан бері айтылып келеді. Ал ірі агрофермаларға бөлінген қаражат «ұрланды, желініп кетті» деп шу шығып жатады.

Министр Айдарбек Сапаров та ауылдағы азаматтарға көмек-қолдау бар дейді. Әйтсе де, олар жеке кәсіпкер болып тіркелгенімен, мемлекеттен көмек-қолдау алу үшін жері мен тиісті техникасы болуы керек. Сол арқылы аудандық комиссияның шешімімен тиісті конкурсқа түсіп, ұпай жинап, мемлекеттен көмек ала алады. Алайда бес-алты малы бар адам жері мен техниканы қайдан тапсын? Сарапшылар мен депутаттардың осы шаруаны бір рельске салу керек деп ескертіп жүрген басты мәселесі де – осы.