Жаңалықтар

Министр Сүлейменова өнер мектептері мұғалімдерінің шағымына жауап берді

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Нұрдәулет Ахмедияр атты дәстүрлі әнші, педагог-сарапшы жақында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға әлеуметтік желі арқылы жүгініп, шығармашылық саладағы педагогтердің мәселесін көтерді.

Педагог-сарапшы қазіргі таңда елдегі барлық мұғалім аттестаттаудың бірінші кезеңі бойынша тест тапсырып жатқанын айтты. Нұрдәулет Ахмедиярдың сөзінше, сол тестен қосымша білім беру педагогтері сүрініп, өте алмай жатыр. Оның басты себебі – қосымша білім беру педагогтерінің психология және педагогикадан тест тапсыруында.

«Мен сізге қосымша білім беру, соның ішінде музыка және өнер мектептері педагогтерінің жанайқайын жеткізгім келіп отыр. 2020 жылдан бастап қосымша білім беру педагогтері аттесттаудың жаңа бағытынан өтіп, педагогика және психологиядан тест тапсырып келеді. Иә, алғашқы жылдары қосымша білім беру үшін өз пәндері бойынша тест сұрақтары болмады. Осы алты жыл ішінде орта мектеп мұғалімдері өз пәнінен, колледж оқытушылары өз пәнінен тест тапсырады. Ал неге қосымша білім беру педагогтері педагогикадан және психологиядан тест тапсырып, сүрінуі керек? Алты жыл ішінде тест тапсырамыз деп мықты әрі білімді педагогтеріміз біліктілік санаттарын растай алмай, ең төменгі деңгей педагог санатына түсіп қалып жатыр», – дейді ол.

Нұрдәулет Ахмедияр өнер және музыка пәндерінің мұғалімдері шығармашылықпен айналысатынын, бірақ қазір өмірі оқымаған ғалымдардың жағдаяттарын жаттап тест тапсыруға міндеттеліп қалғанын айтады.

«Мен мысалы дәстүрлі әншімін. Колледжден өтсем, өз пәнім бойынша тапсырамын. Ал қосымша білім беруден өтсем, педагогика және психологиядан тапсырамын. Ұлттық тестілеу базасында колледж оқытушыларына өз пәнінен тест сұрақтары тұр. Дәстүрлі әнші дәстүрлі әннен, домбырашылар домбырадан, би биден тест сұрақтарға жауап береді. Осы дайын сұрақтарды неге қосымша білім беру педагогтері тапсырмасқа? Соның ішінде музыка және өнер бағыты бойынша? Базада біздің білім бойынша сұрақтар тұр. Оны сайтқа кіріп, қарауға болады», – деді ол.

Нұрдәулет Ахмедияр министрден осы мәселеге назар аударуды өтінді. Шығармашылық саладағы педагогтерге өз пәні бойынша тест тапсыруға жағдай жасауды сұрады.

Педагогтің үндеуіне реакция білдірген министр Жұлдыз Сүлейменова бұл өтінішпен танысқанын, олардың бәрі тесті тегін қайта тапсыратынын мәлім етті.