Lifestyle

Қазақтың Қыз Жібегі 75 жылдығын Түркістан қаласында атап өтті

Меруерт Өтекешова Қыз-Жібек
Актриса Меруерт Өтекешова 75 жасқа толды / фото: auezov-theatre.kz

Халық әртісі Меруерт Өтекешова 75 жасқа толған мерейтойын Түркістан қаласында атап өтті. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Қазақ өнерінің жарық жұлдызы Меруерт Өтекешова Түркістанда жасанды интеллект тақырыбындағы өңіраралық форумға қатысты. Жиын барысында облыс әкімдігінің өкілдері қазақтың Қыз Жібегін 75 жас мерейтойымен құттықтады. Сонымен бірге туған күн иесіне ерекше құрмет көрсетілді.

Одан соң Өтекешова «Конгресс Холл» ұжымымен арнайы кездесіп, өнер жолын айтып берді.

25 ақпанда театр және кино әртісі Меруерт Өтекешова 75 жасқа толды. Ол 1968 жылы Алматы қаласындағы орта мектепті тәмамдаған соң, «Қыз Жібек» киносының бас кейіпкерінің рөлін сомдауға шақырту алған. 1969-1973 жылдары қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетін бітірді.

Өтекешова Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда еңбек етіп келеді. Сахна мен кино саласындағы сан жылдық еңбегі еленіп, «Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртісі» атағын, Қазақстан мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясын алып, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Ал 2025 жылғы қазанда Халық әртісі атанды.