Қытай белсенділігі арқасында Түркістанда мақта алқабы ұлғайды

2026 жылы Түркістан облысында 162 мың гектар жерге мақта егіледі. Мақта алқабы 17 мың гектарға ұлғайды. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Lihua қытай компаниясы 2024 жылы 50 мың гектар тақыр жерді игеруге алған. Олардың биылғы өндіріс алқабы ұлғайғаны туралы мәлімет жоқ. Дегенмен өңірдің мақта шаруашылығына 600 млн доллар инвестиция салған қытайлар дағдарып тұрған салаға жан бітірді.
2025 жылғы желтоқсанда қытайлар еккен мақта өртеніп кеткеніне қарамастан, Lihua Түркістан облысында он зауыт салу райынан қайтпады.
Жалпы биыл өңір диқаншылары 919 мың гектар жерге егін салуды көздеп отыр. 175 мың гектар жерге жоңышқа, 55,2 мың гектарға жүгері, 216,3 гектарға бидай, 85,4 мың гектарға мақсары егіледі.
Түркістанда жер жырту жұмыстары 82%-ға орындалды. Диқандар тағы 18,2 мың гектар жерге ерте пісетін көкөніс дақылдарын егуді көздеп отыр.