
Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Тұран» кәсіби футбол клубы» сатылымға шығарылды. Сату туралы хабарлама e-Qazyna веб-порталында жарияланған. Қазір өтінімдер қабылданып жатыр. Ал негізгі сауда-сатық 3 наурызда басталады.
Клубтың бастапқы бағасы – 1 054 000 теңге. Кепілдік жарна – 158 100 теңге. Клубты тек бір адам сатып алуға рұқсат етіледі. Сатушы – облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы.
Клуб 10 жылға сатылады. Осы уақыт аралығында сатып алушыға бірнеше талап қойылған. Айталық, клубтың бейінін, штат санын сақтауға міндетті. Инвестиция салып, футболдан жасөспірімдер академиясын құрып дамытады. Оған қоса әйелдер командасын даярлайды. 2027 жылдан бастап тұрақты түрде футболдан Қазақстан премьер-лигасына қатысу міндеттеледі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жекешелендіру процесі жүріп жатқанын растады. Қазіргі таңда «Тұран» футбол кәсіби клубын бәсекелестік ортаға беру бойынша инвестормен келіссөз басталған. Ал келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін бапкерлік құрам мен футболшылар келісім 2025 жылдың желтоқсан айында тоқтатылған. Маусым аяқталған, келісімшарт мерзімі біткен.
Айта кетейік, жақында Шымкенттегі «Ордабасы» футбол командасы жекенің қолына өтті. Соңғы уақытта «Ордабасы» футбол клубының төңірегінде дау, пікірталас көп болды. Әсіресе, қазан айында Қазақстан Кубогының финалында «Тобылдан» жеңілгеннен кейін «Ордабасы» футбол клубын сынға алғандар көбейген. Жанкүйерлер түбегейлі өзгерістерді талап етсе, сарапшылар клуб басшылығының отставкасы туралы жиі айта бастады.