
2025 жылы елдегі туризм саласына 1 трлн 256 млрд теңге инвестиция тартылған. Ресми статистикаға сәйкес көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 33%-ға өскен. Бұл туралы Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов мәлімдеді.
Айтуынша, ең көп инвестиция Астанаға тартылған – 400 млрд теңгеден асады. Екінші орында Алматы тұр. Қала туризміне 200 млрд теңге инвестиция тартылған. Үшінші орында 130 млрд теңгемен Түркістан облысы тұр.
Одан кейінгі қатарда Ақтөбе облысы (60 млрд тг), Атырау облысы (40 млрд тг), Абай және Алматы облысы (шамамен 30 млрд тг) бар.
«Елдегі қонақүй бизнесі мен мейрамхана саласы дамып жатыр, сауда орталықтары саны артқан. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымы жақсарып жатыр: жаңа туристік вагондар мен автобустар сатып алынды. Мемлекет инфрақұрылымды, мәдениетті, спортты және ойын-сауық саласын дамыту бағытын да қолдап келеді», – дейді Нұрбол Байжанов.
Айта кетейік, Қазақстанға 2025 жылы 15,7 млн шетелдік келген. Көрсеткіш бір жылда 400 мың адамға артқан. Бұл тізімге еңбек мигранттары мен тұрақты тұруға келген адамдар кірмейді.