Үлкен Алматы айналма автожолында орташа жылдамдықты өлшейтін жүйе іске қосылды

Алматы маңындағы Үлкен Алматы айналма автожолы бойында көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылау жүйесі енгізілді. Аталған учаскеде рұқсат етілген жылдамдық – 120 км/сағ.
Қазіргі уақытта жүйе тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Бұл кезеңде жабдықтарды өзара синхрондау мен бағдарламалық қамтамасыз етуді техникалық баптау жүргізіледі. Сондай-ақ, сынақ уақыты жүргізушілердің жаңа бақылау форматына бейімделуіне мүмкіндік береді.
Жүйе жүргізушілерді жазалау үшін емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында енгізілгені атап өтілді. Орташа жылдамдықты бақылау камералар арасындағы жылдамдықты күрт арттыру деректерін азайтып, жолдағы тұрақты тәртіпті қалыптастыруға ықпал етеді.
Негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол апаттарының санын қысқарту және адам өмірін сақтау. Құзырлы органдар жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.