Зейнетақы активтері: қаңтарда қай басқарушы компанияның табысы инфляциядан озды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылдың алғашқы айының қорытындысын жариялады. Қаңтарда айлық инфляция 1% деңгейінде қалыптасып, зейнетақы активтерін басқарушылар үшін басты меже болды. Алайда нарықтағы 6 қатысушының тек үшеуі ғана нақты оң табыс әкеле алды.
Инфляциядан озғандар
Қаңтар айының қорытындысы бойынша ең жоғары табыстылықты активтерінің көлемі салыстырмалы түрде аз жеке басқарушы компаниялар көрсетті:
- Halyk Global Markets: 8,2 млрд теңге активті басқара отырып, 1,15% табыспен көш бастады. Компания бір айда 100,89 млн теңге таза пайда тапты.
- Alatau City Invest: Басқаруындағы 15,7 млрд теңгеден 175,05 млн теңге табыс көріп, 1,11% көрсеткішіне қол жеткізді.
- «Сентрас Секьюритиз»: 5,3 млрд теңге қаражатпен 1,04% табыстылық көрсетті. Валютаны қайта бағалаудан 12,58 млн теңге шығын келсе де, жалпы инвестициялық табысы 47,2 млн теңгені құрады.
Ұлттық банк пен аутсайдерлер
Ұлттық банктің басқаруында халықтың 25,4 трлн теңге жинағы бар. Қаңтарда инвестициялық табыс 223,18 млрд теңге болғанымен, шетел валютасы мен сыртқы басқарудағы активтерді қайта бағалау кезіндегі шығындар (жалпы жиынтығы 61,9 млрд теңгеден астам) табыстылықты 0,87% деңгейіне дейін төмендетті. Бұл инфляция деңгейінен төмен.
Өзге жеке басқарушылардың нәтижелері де межелі деңгейден көріне алмады:
- BCC Invest: 11,7 млрд теңге активпен 0,8% табыс тапты.
- Halyk Finance: Жеке компаниялар арасындағы ең ірі портфельге (53,8 млрд теңге) иелік етсе де, табыстылығы 0,59% болды. Бұған бағалы қағаздар мен шетел валютасын қайта бағалаудан келген 189,6 млн теңгеден астам шығын әсер етті.
Қаңтар айының статистикасы көрсеткендей, активтері аз компаниялар нарықтағы өзгерістерге икемділік танытып, инфляциядан оза алған. Ал ірі көлемдегі қаражатты басқаратын Ұлттық банк пен Halyk Finance сияқты құрылымдардың табыстылығына валюта бағамының ауытқуы мен бағалы қағаздардың құнсыздануы айтарлықтай әсер етті.
Бұған дейін Kursiv.Media зейнетақы жинағын жеке компаниялардың басқаруына берген қаншалықты тиімді екенін жазған.