Жаңалықтар

«Абайға құрмет» акциясы: Қазақстанның әр өңірі Семейде бір нысаннан салып жатыр

Каждый регион Казахстана строит по одному объекту в Семее
Қазақстанның әр өңірі Семейде бір нысаннан салады / Фото: gov.kz

Абай облысының орталығы Семей қаласы жаңа келбетке ие болады. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Абайға құрмет» акциясы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында Қазақстанның әр өңірі Семейге өз қаражаты есебінен бір нысаннан салып беруі тиіс.

Мемлекеттік рәміздер алаңы

Семейдегі Бейбітшілік аралында алғашқы Мемлекеттік рәміздер алаңының іргетасы қаланды. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының тартуы. Алаң дөңгелек пішінде болады: диаметрі – 28 метр, биіктігі – 35 метр. Биыл ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтетіндіктен, бұл өлшемдер символикалық мәнге ие. Құрылысты Мемлекеттік рәміздер күніне дейін аяқтау жоспарланған.

Фото: gov.kz

«Бұл өңіріміз үшін үлкен қолдау, тұтас қазақ жұртының, айбынды мемлекетіміздің хакім Абай рухына, оның туған өңіріне деген ізгі ілтипаты деп білеміз. Бүгінгі игі шара еліміздің қос қиырының бірлігі мен ұлттық бірегейлігінің жарқын көрінісі деп білемін.», – деді облыс әкімі Берік Уәли.

Бейбітшілік аралында қазірдің өзінде 40 жылға созылған ядролық сынақтардың зардабын еске салатын «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стеласы бой көтерген. Жаңа алаң аралдағы сәулеттік ансамбльді толықтыратын үшінші символдық нысанға айналмақ.

Президенттің жеке тапсырмасына сәйкес, мұнда аумағы 56 гектарды құрайтын экологиялық парк те салынады.

Басқа өңірлердің тартуы

«Абайға құрмет» акциясы аясында елдіміздің өзге өңірлері де бір нысаннан салып беруге өз ұсыныстарын берді. Астана – «Келешек» мектебін, Түркістан облысы – көрме орталығын, Ақтөбе облысы – жекпе-жек спорттары орталығын, Павлодар облысы – үстел теннисі орталығын, Қызылорда облысы – «Анаға тағзым» орталығын, БҚО – желілік саябақ, ШҚО – Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыса, Алматы облысы өткен жылы «Алтын адам» ескерткішін орнатты.

Бизнес те іске қосылды

Ірі компаниялар да бастамадан тыс қалмады. KAZ Minerals қаладағы жаңа шағын ауданда 25 мың көрерменге арналған стадион салуға кірісті.