20 тәулікке дейін сақтауға болады: ғалымдар құс етіне арналған биоконсервант әзірледі

Қазақстандық ғалымдар салқындатылған құс етінің сақтау мерзімін 3 есеге дейін ұзартатын технология ойлап тапты. Егер бұрын еттің жарамдылық мерзімі қысқа болса, енді нөл градусқа жуық температурада оны 20 тәулікке дейін сақтауға болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ғылыми жаңашылдықты Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты мамандарына әзірлеген. Аталған институт Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (ҰАҒБО) құрылымына кіреді.
«Инновацияның негізін сүт сарысуы мен Lactococcus lactis ssp. lactis F-116 гибридті штамының бактериоцині негізінде жасалған антимикробтық тағамдық жабын құрайды. Әзірленген биоконсервант Pseudomonas, Salmonella және Listeria секілді негізгі патогендердің дамуын тежейді. Сонымен қатар, оның құрамында улы химиялық қоспалар жоқ және ол «Clean Label» халықаралық тұжырымдамасына сай келеді», – делінген хабарламада.
Тағамдық жабынды салқындатылған шикізаттың микробиологиялық бұзылуын баяулатып, оның сапасын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Food and Agriculture Organization мәліметіне сүйенсек, 2030 жылға қарай құс еті әлемдік нарықтың шамамен 41%-ын иеленеді. Министрлік мұндай жағдайда салқындатылған өнімнің сақтау мерзімін ұзарту бәсекеге қабілеттіліктің стратегиялық маңызды факторы болып саналады деп есептейді.
Технология өндірістік сынақтан сәтті өтті және оны өндірісте қолдануға болады.
Еске салсақ, осыған дейін Utebayev University Атырауда Түркия ғалымдарының қатысуымен халықаралық зертхана ашқаны жайлы жазған едік. Онда мамандар су мен ауыл шаруашылығы шикізаты негізінде алынған полипропиленнен экологиялық таза қаптама әзірлейді.