
Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі 2026 жылды рекордтық көрсеткішпен бастады, өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 37,3%-ға өсті. ҚАО-ның 2026 жылғы қаңтар айындағы ресми хабарламасына сәйкес, бір ай ішінде конвейерден барлығы 13,2 мың бірлік техника шықты, оның жалпы құны 170,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар жеңіл автокөліктер сегментінде әлі де бәсекелестік сақталып отыр. Онда Chevrolet Cobalt кроссоверлерді артта қалдырып, көшбасшы орынды әлі ұстап тұр.
Өндіріс көшбасшылары мен танымал брендтер
Негізгі өндіріс көлемін төрт ірі зауыт қамтамасыз етті. Алдыңғы орында Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (4,7 мың бірлік), оның ізін Hyundai Trans Kazakhstan (3,3 мың бірлік) және Қостанайдағы Allur (3,1 мың бірлік) зауыттары жалғайды. Төрттікке жаңа Kia Qazaqstan зауыты кірді.
Қаңтарда сұранысқа ие болған бес марка:
- Hyundai – 3,3 мың бірлік
- Chevrolet – 1,8 мың бірлік
- Haval – 1,8 мың бірлік
- Chery – 1,5 мың бірлік
- Changan – 1,3 мың бірлік
Chevrolet Cobalt кроссоверлердің басты бәсекелесі
Нарықта жаңа модельдер көп болғанына қарамастан, «Cobalt» отандық өндірістегі ең көп шығарылатын модель болып қалып отыр. Қаңтар айында 1,8 мың дана Chevrolet Cobalt өндіріліп, ол бәсекелестерінен айтарлықтай алға шықты.
Танымал Hyundai Tucson кроссовері 1,2 мың дана көрсеткішпен екінші орынға тұрақтады.
Сондай-ақ үздік бестікке:
- Hyundai Santa Fe – 796 бірлік;
- Changan CS55 Plus – 783 бірлік;
- Haval M6 – 677 бірлік.
ҚАО президенті Анар Мақашева мұндай өсім жүйелі мемлекеттік қолдау мен қолайлы инвестициялық ахуалдың нәтижесі екенін атап өтті. Қазір сала өндірісті технологиялық операцияларды одан әрі тереңдету және автокомпоненттер өндірісін жолға қоюға басымдық беріп отыр.
Айта кетейік, көлік сатылымы жағынан жоғары нәтижеге жеткен Өзбекстан «Шевролестан» атанды.