Жаңалықтар

Ипотеканы қалай тиімдірек төлеуге болады – сарапшы кеңесі

Фото: kursiv.media архиві

Қаржы сарапшысы Сұлтан Елемесов Отбасы банк арқылы тұрғын үй несиесін өтейтін кезде қарыз алушылар көп ескере бермейтін нәрсені айтты.

Көптеген клиенттер ипотеканы 50/50 схемасы бойынша немесе арнайы бағдарламалар арқылы рәсімдейді.

«Графикті бекіткен кезде сіз тұрғын үй қарызына өткеннен кейінгі (3,5–5% мөлшерлеме) төлем кестесін де бірден келісесіз. Міне осы жерде маңызды жәйтті ескеру керек», – дейді ол.

Мерзім қысқарады – төлем артады

Сарапшының айтуынша, жүйе көбіне тұрғын үй заемының мерзімін автоматты түрде қысқартады.

«Мысалы, ОП 29 болса, өнім желісінде мерзім 9 жыл (108 ай) болуы мүмкін, ал кестеде 90 ай есептеледі. Нәтижесінде ай сайынғы төлем өседі. «Артық төлем азаяды» дейді. Бірақ мөлшерлеме 4%, инфляция 12% болса, бұл уәж даулы», – деп түсіндірді сарапшы.

Қарыз алушылар үшін бұл неге маңызды

Мерзімді қысқартқан жағдайда:

  • Ай сайынғы төлемнің өсуі
  • Қарыздық жүктемелік коэффициенттің (ҚЖК) артуы
  • Қаржылық икемділіктің төмендеуі

Тұрақсыз экономика жағдайында ұзақ мерзім көбіне тиімді болады, өйткені ол өтімділікті сақтауға және отбасылық бюджеттің қысымын азайтуға мүмкіндік береді.

Сарапшы кеңесі

Сұлтан Елемесов тұрғын үй қарызының төлем кестесіне енгізілген мерзімді мұқият тексеруді және қажет болса мүмкін болатын ең ұзын мерзімді сұрауды ұсынады.

Бұл:

  • Ай сайынғы төлемді төмендетуге
  • Қарыздық жүктемені азайтуға
  • Қаржылық еркіндікті арттыруға көмектеседі

Материал ақпараттық сипатта берілген және қаржылық, инвестициялық немесе заңдық кеңес болып саналмайды.