Жаңалықтар

1 млрд долларға алтын комбинат салатын Solidcore мектептер жөндеуге ақша бөледі

Solidcore Resources алтын компаниясы / фото: REUTERS
Solidcore Resources алтын комбинатын 2028 жылы іске қосады / фото: REUTERS

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» (ЕГК) басшысы Владимир Дудин әлеуметтік меморандумға қол қойды. 1 млрд доллар тұратын алтын комбинаты – Solidcore Resources компаниясының ірі жобасы.

Стратегиялық маңызды жоба

Облыс әкімдігінің мәліметінше, келісім әлеуметтік бағыттағы жобаларды іске асыруды, инфрақұрылымды дамытуды және өңір тұрғындарын қолдауды көздейді.

«Көптеген жыл бойы біз ірі бизнес кәсіпорындарымен олардың әлеуметтік жауапкершілігі аясында меморандумдар жасап келеміз. ЕГК – өңірдің жаңа әлеуметтік серіктесі», – дейді Байханов.

ЕГК – Solidcore Resources компаниясының ірі жоба – Қазақстанда алтын кенін толық өңдейтін алғашқы комбинат. Кәсіпорын 2028 жылы іске қосылады.

Облыс әкімдігі оны «өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие» жоба деп сипаттады. Себебі мұндағы инвестиция көлемі – шамамен 1 млрд доллар. Кәсіпорында 500 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Асайын Байханов пен Владимир Дудин
Әлеуметтік меморандум қабылданды / фото: gov.kz

Сарапшылардың пікірінше, жоба жүзеге асқан уақытта облыстың жалпы өңірлік өнімінің өсімін 15%-ға дейін қамтамасыз етеді.

«Біз әлеуметтік бастамаларды қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша міндеттемелер аламыз», – дейді Дудин.

Әкімдік мәліметінше, биыл кәсіпорын Павлодар қаласында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға шамамен 900 млн теңге бағыттайды. Қаражат үш мектеп пен екі балабақшаға күрделі жөндеу жүргізуге, сонымен бірге маңызды мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсалады.

Solidcore кімге тиесілі?

Solidcore – Polymetal компаниясының Қазақстандағы мұрагері. Ресейдегі активтерінен бөлінгеннен кейін, компания Қазақстандағы екінші ірі алтын өндірушіге айналды. Оның негізгі иесі – Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International инвестициялық қоры. Бұл қор Solidcore-дың 29,7% акциясына ие.

Компания былтыр Қазақстанның солтүстігіндегі Тоқтар, Оңтүстік Тоқтар және Барамбай кен орындарын сатып алатынын хабарлаған. Санкциядан қатты зардап шеккен компания әлем нарығында алтын бағасының қымбаттауымен бірге қайта есін жиған.