2026 жыл соңына қарай доллар 590 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Halyk Finance сарапшыларының болжамына сәйкес, 2026 жыл соңына қарай теңге қайтадан құнсыздануы ықтимал.
Теңге бағамы қандай болады
Halyk Finance есебінше, 2026 жылдың соңына қарай доллар бағамы 580-590 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.
Бұл S&P халықаралық рейтинг агенттігінің болжамынан әлдеқайда жоғары. S&P сарапшылары 2026 жылы доллар 540 теңге деңгейінде тұрақтайды деп есептесе, Halyk Finance теңгеге төнетін қауіптер әлдеқайда салмақты деп санайды.
Теңгенің әлсіреуіне не әсер етеді
Сарапшылар теңге бағамына қысым жасайтын негізгі факторларды атап өтті:
- Мұнай бағасының арзандауы: Егер әлемдік нарықта мұнай арзандаса, Қазақстан бюджетіне түсетін табыс азаяды.
- Өндірістің шектелуі: Мұнай өндіру мен оны экспорттау көлемінің азаюы экономикаға кері әсерін тигізеді.
- Ұлттық қордан бөлінетін ақшаның азаюы: Үкімет алдағы үш жылда Ұлттық қордан алынатын трансферттерді екі есе қысқартып, жылына 2,77 трлн теңгемен шектеуді жоспарлап отыр.
Алайда Halyk Finance мамандары Үкіметтің бұл жоспарларына (Ұлттық қордан ақша алмау және бюджетті үнемдеу) күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, мұнай табысы азайған жағдайда мемлекетке өзінің қаржы және ақша-несие саясатын қайта қарауға тура келеді, бұл теңге бағамының төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.
Соңғы екі айда доллар бағамы күрт арзандады. Ақпанның ортасында көкқағаз бағасы 488 теңгеге дейін түсіп барып, қайта көтерілді. Қазір ақша айырбастау пункттерінде доллар орта есеппен 500 теңгеден сатылып жатыр.