
Қазақстан 2025 жылы мұнай мен газ конденсаты экспортын 2024 жылмен салыстырғанда 12%-ға арттырып, жалпы көлемін 78,7 миллион тоннаға жеткізді. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алқа отырысында мәлімдеді.
Теңіз кен орнының кеңеюі экспортқа ықпал етті
Министрдің айтуынша, мұнай экспортының айтарлықтай өсуі алып Теңіз кен орнындағы өндірісті кеңейту жобаларының іске қосылуымен тікелей байланысты.
Экспортқа шығарылған мұнайдың негізгі бөлігі Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданды. КҚК инфрақрылымы бірнеше рет дрон шабуылына ұшырағанына қарамастан, осы құбыр арқылы Қазақстанның 64,8 млн тонна мұнайы жеткізілген. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 18%-ды құрайды. Жалпы Каспий құбыры арқылы 2025 жылы Еуропаға 70,52 млн тонна мұнай жеткізілген.
Балама бағыттардың әлеуеті қандай
Қазақ мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын құбырға былтыр бірнеше рет шабуыл жасалған соң, үкімет мұнай бағыттарын әртараптандыруды жалғастырған. Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан (БТЖ) мұнай құбыры арқылы жылына 1,2 миллион тонна қазақ мұнайы жөнелтіледі.
Ерлан Ақкенженовтің сөзіне қарағанда, Әзербайжан тарапы бұл көлемді жылына 2,2 миллион тоннаға дейін арттыруға дайын екенін білдірген.
Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, былтыр:
- Атырау – Самара құбыры арқылы 9,2 миллион тонна;
- Германияға 2,1 миллион тонна;
- Қытайға (Атасу – Алашанькоу құбыры арқылы) 1,1 миллион тонна;
- Баку – Тбилиси – Жейхан арқылы 1,2 миллион тонна;
- Теміржол желісімен 0,1 миллион тонна мұнай тасымалданған.