Жаңалықтар

Қазақстанның «цифрлық қоржыны»: Ұлттық банк 1 млрд долларға не сатып алмақ

Крипторезервке қанша қаржы құйылады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның Ұлттық банкі 2025 жылы Ұлттық стратегиялық крипторезерв құрылатынын ресми түрде жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба цифрлық қаржы әлеміне мемлекеттік деңгейде қадам басудың алғашқы жүйелі тетігі болмақ.

Осы ретте Kursiv.Media Ұлттық банктің ресми жауабы негізінде бұл резервтің мақсаты, оның қаржыландыру көзі қандай, басқару принциптері туралы егжей-тегжей талдау ұсынады.

Мемлекеттік крипторезерв не үшін құрылады

Крипторезерв – цифрлық активтер саласына инвестиция салу үшін арнайы құрылған мемлекеттік қор.

Ол базалық активі цифрлық құралдар саналатын туынды қаржы аспаптарына, сондай-ақ цифрлық технологиялар саласында жұмыс істейтін компаниялардың акциялары мен үлестеріне инвестиция салады.

Бұл құрылымды жасақтаудың артында бірнеше мақсат тұр. Біріншіден, елдің қаржылық егемендігін нығайтуға бағытталған.

Екіншіден, мемлекеттік активтер мен халықаралық резервтердің кірістілігін тек дәстүрлі құралдармен шектемей, әртараптандыру көзделген.

Сондай-ақ бұл қадам цифрлық активтерді сақтау мен есепке алу ұлттық инфрақұрылымын дамытуға және осы саладағы отандық мамандардың құзыретін арттыруға мүмкіндік береді.

Резервке 1 млрд доллар салынады

Ұлттық банк дерегіне сәйкес, крипторезервке салынатын инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл қаражатты жинақтау процесі кезең-кезеңімен, нақты жоспар бойынша жүзеге асады:

  • Бірінші кезең: Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерінің бір бөлігі инвестицияланады.
  • Екінші кезең: Ұлттық қордың активтері тартылады. Бүгінгі таңда Ұлттық қордан жобаны бастау үшін 350 миллион доллар бөлініп қойған.
  • Үшінші кезең: Қазақстан Үкіметінің шешімімен өзге де мемлекеттік активтер пайдаланылады. Оның ішінде құқық қорғау органдары мемлекет пайдасына тәркілеген криптоактивтер де кіреді.

Қорды кім басқарады

Крипторезервті басқару жұмысы тікелей Ұлттық банкке емес, оның еншілес ұйымы – «ҚҰБ Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ-ға (ҰИК) жүктелген. ҰИК бұл бағытта мамандандырылған сыртқы басқарушы компаниялармен тығыз жұмыс істейтін болады.

Ал цифрлық активтердің қауіпсіздігі мен есебіне келетін болсақ, олар «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ базасында сақталады.

Депозитарий бұл жерде кастодиан, яғни сенімді сақтаушы рөлін атқарады. Ол үшін арнайы жеке шот ашылған.

Инвестиция қайда бағытталады және қандай валюталар таңдалады

Криптовалюта нарығы өте құбылмалы (бағасы тез өзгергіш) болғандықтан, мемлекет өте сақ, «теңдестірілген институционалдық тәсілді» қолданады.

Бұл дегеніміз мемлекет тікелей биржада отырып криптовалюта саудасымен айналыспайды.

«Криптовалюталардың жоғары құбылмалылығын ескере отырып, басқару теңдестірілген институционалдық тәсіл негізінде – негізінен цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік және жеке компаниялардағы үлестерді сатып алу арқылы, сондай-ақ басқарушы қорлар арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл тәсіл нарықтық тәуекелдердің төмендеуін қамтамасыз етеді және криптовалюта резерві инвестицияларының тұрақтылығын арттырады», – делінген жауапта.

Негізгі инвестиция бағыттары:

  • Жанама инвестиция: Негізінен цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік және жеке компаниялардың үлестерін сатып алу.
  • Хедж-фондтар: Алғашқы кезеңде инвестициялар халықаралық хедж-фондтар арқылы орналастырылады. Қазіргі таңда ынтымақтастық орнату үшін осындай 5 қордың тізімі (шорт-лист) жасақталған.
  • Венчурлық қорлар мен Web3: Болашақта блокчейн жобаларымен және Web3 технологияларымен айналысатын венчурлық қорлардың капиталына кіру жоспарлануда.

Бұл тәсіл нарықтық тәуекелдерді азайтуға және инвестициялардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Тәркіленген криптоактивтердің тағдыры не болмақ

Мемлекет крипторезервті қылмыстық істер аясында тәркіленген криптовалюталармен толықтыруды көздеп отыр.

2025 жылы бұл мәселені мәжіліс депутаттары көтеріп, бұған дейін тәркіленген крипталар мемлекет бақылауынан тыс, әртүрлі «белгісіз әмияндарда» жатыр деп мәлімдеген.

Енді Бас прокуратура тәркіленген активтерді алу және сақтау ережелерін әзірлесе, Ұлттық банк оларды басқарудың тиімді концепциясын жасап жатыр. Осылайша, «мұздатылған» активтер мемлекеттің инвестициялық айналымына тартылатын болады.

Қазақстандық крипторезерв 2026 жылы іске қосылуға тиіс. Алматы маңындағы жаңа Алатау қаласы крипто-аймаққа айналуы мүмкін.